Темір жол саласында басталған кең көлемді трансформация үдерістері өз нәтижесін бере бастады. Өткен жылы сала тарихта алғаш рет таза пайдамен аяқталды, ал биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында таза пайда 800 миллиард сумнан асты. Транзиттік және жолаушы тасымалы, экспорт пен инвестиция көлемі тұрақты өсіп келеді.
Таныстырылымда осы нәтижелермен шектелмей, халық саны мен экономиканың өсуіне сай темір жол көлігі қызметінің сапасы мен қамту аясын кеңейту, сондай-ақ салалық шығындарды азайту қажеттігі атап өтілді.
Атап айтқанда, көлік қозғалысынан бастап жүк ағымына дейінгі барлық кезеңдерді жасанды интеллект арқылы бақылау жүйесін енгізу есебінен шығындарды талдап, шығын көздерін анықтап, өнімнің өзіндік құнын 20 пайызға дейін қысқарту мүмкін екені айтылды.
2026–2030 жылдары жолаушы және жүк тасымалы көлемін кемінде екі есеге арттыру қажет екені көрсетілді.
Бұл мақсатқа 151 шақырым жаңа темір жол салу, 182 шақырым жолды электрлендіру, сондай-ақ 27 станция мен 1 мың шақырым жолды жаңғырту жоспары жайлы ақпарат берілді.
Атап айтқанда, «Нурафшан – Пскент – Бөке – Бекабад – Баяут – Янгиер» және «Ховос – Даштабад» бағыттарында электрлендірілген жаңа темір жолдар салынады. «Құмқорған – Құдықты», «Самарқанд – Ургут» және «Байтқорған – Паркент» бағыттарын электрлендіру, «Ташкент – Самарқанд», «Туқимачи – Ангрен» және «Ангрен – Поп» жолдарының өткізу қабілетін арттыру көзделген.
Республика бойынша қала маңындағы пойыз қозғалысын жандандыру мақсатында қазіргі 40 бағытқа қосымша тағы 15 жаңа бағыт ашу ұсынылды.
Атап айтқанда, «Ташкент – Нурафшан – Ахангаран – Ангрен», «Науаи – Зарафшан – Үшқұдық», «Қоқан – Наманган – Әндіжан – Марғилан», «Термез – Құмқорған – Байсун – Дарбанд», «Нөкіс – Шават – Үргеніш – Хиуа», «Жызақ – Достық – Айдар–Арнасай көлі», «Қаршы – Шахрисабз» бағыттарында қалааралық пойыз қатынастарын жолға қою арқылы тұрғындардың күнделікті сапарларына қолайлы жағдай жасау көзделген.
Жиында жоғары жылдамдықты темір жол желісін кеңейту мәселесі де талқыланды. Ұзындығы 102 шақырым болатын «Науаи – Бұхара» темір жол желісін пайдалануға беруді жеделдету тапсырылды. Бұл жолдың іске қосылуы жүк және жолаушы тасымалында уақыт пен шығынды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Келесі жылдары жаңа бағыттар мен салынып жатқан жолдар үшін локомотив пен вагондар паркын кеңейту жөніндегі жоспарлар да баяндалды.
Атап айтқанда, Қытайдан 38 магистральды локомотив, 50 маневрлік және гибридті маневрлік локомотив сатып алу жоспарланған. Кореяның «Hyundai Rotem» компаниясымен бірлесіп, 6 жоғары жылдамдықты электропойыз әкеліп, олардың алғашқысын келесі жылы «Ташкент – Үргеніш – Хиуа» бағытында іске қосу тапсырылды. Осы бағыттағы жол уақыты қазіргі 14 сағаттан 7,5 сағатқа дейін қысқарады деп күтілуде.
Сондай-ақ ел ішінде 250 заманауи жолаушы вагонын жасау, қалааралық қатынасқа арналған 23 электр пойыз сатып алу арқылы жолаушыларға жағдай жақсартылады. 10 мың жүк вагонын салу, 6 мыңнан астамын қайта қалпына келтіру және 12 электровозды күрделі жөндеуден өткізу міндеттері белгіленді.
Темір жол саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын көбейту қажеттігі де атап өтілді.
Жиында «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» темір жол құрылысы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар да қаралды.
Мемлекет басшысы осы жолдың Орталық Азиядағы көлік байланысын нығайту және еліміздің транзиттік әлеуетін арттырудағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, құрылыс сапасын қамтамасыз ету жөнінде нақты нұсқаулар берді.
Жиын соңында темір жол жүйесін жаңғырту және кеңейту жөніндегі жобаларды уақытылы әрі сапалы іске асыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен пайдалана отырып шығындарды оңтайландыру, сондай-ақ салада жолаушылар мен бизнес үшін одан да ыңғайлы, қауіпсіз және сенімді орта қалыптастыру жөнінде жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді.









