Осыған дейін, 18 наурызда Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерімен ашық диалог жүргізгені белгілі. 24 наурызда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар туралы Президент Жарлығы қабылданып жеті бағыт бойынша міндеттер белгіленді.
Жиында осыған байланысты басталған жұмыстар мен айлық жоспарлар қаралды. Біріншіден, сәуір айында 1 миллион қауіп тобына жататын тұрғынды, 700 мың бала мен 100 мың жүкті әйелді мақсатты скринингтік тексеруден өткізу қажеттігі айтылды.
Әрбір отбасылық емханада күндізгі стационар, 400 махаллада отбасылық дәрігерлік пункті, шалғай елді мекендерде контейнерлерден жасалған 1700 медициналық пункт ашудың маңыздылығы сөз болды.
Басты міндет – махалла жүйесінде жұмыс істеу, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақындату және салауатты өмір салтына үйрету. Дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, аурулардың алдын алу бойынша нұсқаулықтар әзірлеу және оны отбасыларға таратудың маңыздылығы айтылды.
Жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, шалғай елді мекендерде қосымша бригадалар құру, осы жүйедегі анестезиолог-реаниматолог дәрігерлердің айлық жалақысын көтеру бойынша алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Биылғы жылы инвестициялық бағдарлама бойынша медициналық мекемелерді салуға және жөндеуге бюджеттен 1,2 триллион сум бөлінген. Шенеуніктерге құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, техникалық медицина құралдарына техникалық қызмет көрсету жүйесін жолға қою тапсырылды.
Ашық диалогта республиканың мамандандырылған медициналық орталықтары емдеудің жаңа, жоғары технологиялық әдістерін енгізу қажет екендігі айтылды. Мысалы, жыл сайын «лейкозбен» ауыратын 200-ге дейін науқас жілік майын ауыстыру қажет ететін отаға зәру. Гематология және қан құю ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығында заманауи жағдай жасау арқылы бұл тәжірибені жолға қоюға болатыны айтылды. Барлық медициналық пункттерде осындай жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Мемлекеттік ауруханалар мен жекеменшік медициналық ұйымдар үшін бірыңғай тарифтерді бекіту, сондай-ақ жеке емханаларда жолдама негізіндегі медициналық қызметтерді көрсетуді кеңейту міндеті қойылды.