30 апрель күні астанамызда бокс бойынша ерлер арасындағы әлем чемпионатының салтанатты ашылуы өтеді. Жарыстар 1 майда басталып, 14 май күні аяқталады.
Дәл қазір 104 елдің өкілдері тіркеуден өтті. 13 салмақ категориясында жалпы 640 спортшы қатысу үшін өтініш білдірген. Олардың саны артуы мүмкін. Өйткені тіркеу 14 апрельге дейін ұзартылды.
Турнирдің жүлде қоры 5,2 миллион АҚШ доллары етіп белгіленді. Бұл алдыңғы чемпионатпен салыстырғанда екі есе көп. Жеңімпаздар 200 мың, күміс медаль жүлдегерлеріне 100 мың, қола медалін жеңіп алған жүлдегерлер 50 мың доллар алады.
Чемпионатқа ресейлік пен беларусиялық боксшылар өз жалауымен, әнұранымен қатысуына байланысты АҚШ, Польша, Швейцария, Нидерландия, Ұлыбритания, Ирландия, Чехия, Швеция, Канада, Украина сынды бірқатар елдер чемпионатқа қатыспайтынын мәлімдеді.