Іс-шараға Корольдіктің инвестициялар министрі Халид әл-Фалих, сондай-ақ «ACWA Power», «Al Muhaidib Group», «Vision Invest», «Data Volt», «Riyadh Cables», «AlMajdiah», “InterHealth”, “Saudi Tabreed”, “AlBawani Holding”, “Miahona”, “Pemco” және басқа да ірі компаниялар мен корпорациялар өкілдері қатысты.

Кездесу басында Мемлекет басшысы кейінгі жылдары екі ел басшыларының бірлескен күш-жігері арқасында Өзбекстан мен Сауд Арабиясы арасындағы көпқырлы серіктестік қарым-қатынастары жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Бірлескен жобалардың жалпы портфелі 27 миллиард доллардан асты. Биылдың өзінде Сауд Арабиясының 2 миллиард долларлық инвестициясы Өзбекстан экономикасына тартылды. Өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келеді. Екі ел арасындағы әуе қатынастары аптасына 60 рейстен асты.

Кездесуде екі ел арасындағы тиімді және ұзақ мерзімді серіктестіктің тағы бір айқын дәлелі – жаңа Ташкент халықаралық әуежайының құрылысына алғашқы іргетас қаланғаны ерекше атап өтілді.

– Өзбекстанның экономикалық трансформациясына және елдің дамуына зор үлес қосып келе жатқан саудиялық серіктестерімізді біз әрдайым жоғары бағалаймыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын атап өтіп, энергетика саласындағы жобалардың айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

Бүгінде «ACWA Power» компаниясы елде жалпы құны 15 миллиард доллар болатын бірқатар жобаларды, соның ішінде өңірлерде жел және күн электр станцияларын салу, «жасыл» сутегі өндірісін дамыту жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Осындай жобаларда отандық өндірушілердің өнімдерін кеңінен пайдалану ұлттық өнеркәсіп әлеуетінің артуына қызмет ететіні айтылды.

Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы серіктестікті нығайтуға да ерекше назар аударылды. «Data Volt» компаниясы Ташкент қаласында заманауи деректер орталығын табысты іске асыруда. Жаңа Ташкент пен Бұхара қалаларында осындай орталықтар салу және Сауд Арабиясы компанияларының цифрлық бастамаларға қатысуын қолдау жоспары айтылды.

Сондай-ақ Өзбекстанның вольфрам, молибден, магний, литий, графит, титан және басқа да стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларға бай екені атап өтілді.

Ташкент және Самарқанд облыстарында «Болашақ металдары технопаркі» құрылып, жоғары қосылған құнға ие өнімдер өндірісі жолға қойылатыны айтылды.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы саудиялық инвесторларды геологиялық барлау, шикізатты өндіруден бастап оны қайта өңдеу мен дайын өнім шығару үдерістеріне дейінгі барлық кезеңдегі жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Инфрақұрылым саласында «Miahona» компаниясымен Ферғана және Жызақ қалаларында ағын суларды тазалау, Қарақалпақстанда су жүйелерін дамыту және сорғы станцияларын жаңғырту жобалары бойынша табысты ынтымақтастық жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Сондай-ақ «Saudi Tabreed» компаниясымен коммуналдық саланы дамыту бойынша келісімдерге қол жеткізілді.

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының компанияларын инфрақұрылымды жаңғырту мен халық өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа өзара тиімді жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Сауд Арабиясының жетекші іскер топ өкілдері Жаңа Өзбекстанның экономикалық саясаты мен тұрақты өсімін, қолайлы инвестициялық ахуалын жоғары бағалап, өзара тиімді серіктестікті тереңдету және нақты жобалар мен бағдарламаларды ілгерілету ниеттерін білдірді.