Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев қатысты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Президент Шавкат Мирзияев Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы мен бауырлас Әзірбайжан халқына құрмет көрсетті.
– Президент Ильхам Әлиевтің Өзбекстанға сапары Әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы, өзбек халқының жақын досы Гейдар Әлиев атындағы көшенің ашылу салтанатынан басталғаны үлкен символдық мәнге ие.
Ол кісі ХХ ғасырдағы көрнекті саяси және мемлекет қайраткері, тәуелсіз Әзірбайжанның негізін қалаушы ретінде тарихқа енді. Гейдар Әлиевтің табандылығының, берік саяси ерік-жігерінің және теңдесі жоқ көшбасшылық қасиеттерінің арқасында жас егемен мемлекет барлық қиындықтар мен сынақтарды абыроймен еңсерді, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан басшысы Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастар мен бауырлас халықтарымыз арасындағы тарихи байланыстарды дәйекті түрде нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті бұл сапар оның пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапары екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы мен Өзбекстан халқына Гейдар Әлиевтің жарқын естелігін сақтауға тұрақты көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.
– Әкем Гейдар Әлиевті еске алып, Ташкенттің қақ ортасынан осындай әсем жер арнауға бастама көтерген аяулы қандасым Шавкат Мирамоновичке алғысым шексіз. Біз мұны өзбек ағайындардың ұлы көшбасшымызға, ортақ тарихымызға деген шынайы туыстық қатынасы деп қабылдаймыз. Бұл да барша әзірбайжан халқына деген құрметтің көрінісі, – деді Әзірбайжан басшысы.
Салтанатты шарада зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, әзірбайжандық қандастар да сөз сөйледі. Олар Гейдар Әлиев атындағы гүлденген көше мен аллея бауырлас халықтарымыз арасындағы берік достықтың жарқын символы екенін атап өтті.
Өзбекстанда 40 мыңға жуық әзірбайжан ұлтты азамат тұрады. 2003 жылы Әзірбайжан мәдени орталықтарының қауымдастығы құрылды. 2010 жылы Әзірбайжан елшілігінде Әзірбайжанның Гейдар Әлиев атындағы мәдени орталығының жаңа ғимараты ашылды.
Осы шарадан кейін Әзербайжан Президенті мен Мемлекет басшысы бірге «Жаңа Өзбекстан» саябағында болып, Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды.