Президент металлургия кәсіпорындарының 2025 жылға арналған жоспарымен танысты

    2 желтоқсанда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев металлургия кәсіпорындарының трансформация бағдарламалары мен 2025 жылға арналған жоспарымен танысты.

    Кейініг жеті жылда бұл салада өндіріс көлемі 1,5 есеге өскен. Атап айтқанда, 2016 жылмен салыстырғанда жылдық алтын өндіру көлемі 26 тонна, күміс 77 тонна, ал мыс 32 мың тоннаға артқан.

    Соңғы бес жылда тау-кен және металлургия саласына шамамен 9,5 миллиард доллар инвестиция тартылып, 15 ірі жоба іске қосылды. Бұл сала ел экономикасын трансформациялаудың негізгі драйверіне айналуда. Бүгінде ел өнеркәсібінің үштен бір бөлігі осы саланың үлесіне тиесілі.

    Тау-кен өнеркәсібі электротехника, құрылыс материалдары, химия және зергерлік өндірістер үшін шикізат көлемін ұлғайтып, олардың дамуына үлкен серпін беруде. Сонымен қатар, комбинаттар 60-тан астам шағын және орта кәсіпорындармен тығыз кооперация негізінде жұмыс істеп жатыр.

    Бұл жетістіктерді жалғастырып, экономикалық тиімділікті арттыру – уақыт талабы. Салалық кәсіпорындарды әлемдік қаржы нарығында тартымды компанияларға айналдыру қажет.

    Жиналыста тау-кен өнеркәсібі және геология министрі мен комбинат басшылары жоспарлар бойынша баяндама жасады.

    Атап айтқанда, 2025 жылы тау-кен және геология саласындағы жобаларға 1 миллиард доллар инвестиция тарту көзделіп отыр. Каолин өндірісін 50 пайызға арттыру, көмір өндіру көлемін 10 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған.

    Науаи тау-кен металлургия комбинаты биыл халықаралық нарықта алғаш рет еурооблигация орналастырып, 1 миллиард доллар жеңілдетілген ресурс тартты. Келесі жылы тағы 500 миллион доллар еурооблигация шығару жоспарланған.

    Алмалық тау-кен металлургия комбинатында үшінші мыс байыту фабрикасы, ал Өзбекстан металлургия комбинатында жаңа құю және прокаттау кешені іске қосылады. Өзбекстан технологиялық металдар комбинатында «жасыл экономика» үшін маңызды сирек кездесетін металдар өндірісі кеңейтіледі.

    Мемлекет басшысы алдағы жылы комбинаттардың трансформация арқылы әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруы қажет екенін атап өтті.

    Бұл ретте өндіріс шығындарын азайту, қызметті толық цифрландыру, халықаралық қаржы көздерін тарту, жаңа технологияларды енгізу және жұмыс процесін автоматтандыру негізгі міндеттер ретінде белгіленді.

    Кәсіпорындардың жаһандық өзгерістерге жылдам бейімделіп, жаңа бастамаларды қолға алуы керектігі айтылды. Үнемділік пен тиімділік қағидалары негізінде шығындарды қысқарту және өнеркәсіп салаларын шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ету шаралары нақтыланды.

    No date selected
    January 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates