Бұл салаларда экономикалық тиімділікті арттыру мен халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды өзгерістер енгізілуде. «Өзбекстан темір жолдары» акционерлік қоғамының құрамында 6 дербес кәсіпорын құрылды. 1 200 жаңа жүк вагоны сатып алынып, ішкі бағыттар бойынша жүк тасымалдау уақыты екі есеге қысқарды.
Цифрландыру нәтижесінде жүк вагондарына тапсырыс беру процесі 7 кезеңнен 3 кезеңге дейін қысқарып, ол үшін жұмсалатын уақыт 72 сағаттан 12 сағатқа дейін азайды. Ташкент маңындағы пойыз өткізу қабілеті 30 пайызға артты. Бұрын шығынмен жұмыс істеген акционерлік қоғам биыл 30 миллиард сум пайдаға шықты.
Авиация саласындағы компанияларда да өсу байқалды. «Uzbekistan Airways» жүйесінде әуе рейстері 25 пайызға көбейді. Ішкі бағыттарда ұшақ саны 8-ге жетіп, ішкі рейстер көлемі 2,5 есе артты. Орталық Азиядағы халықаралық тасымалдарда ұлттық әуе компаниясының үлесі 20 пайызға жетті. Жыл соңына дейін 6 миллионнан астам жолаушы тасымалданады деп күтілуде.
«Uzbekistan Airports» ұшақтар, жүк және жолаушыларға қызмет көрсетуде. Әуежайларды басқаруға жеке секторды тарту тиімділігін көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта Өзбекстанға әлемнің 44 әуе компаниясы ұшып келеді. Жүк тасымалы көлемі биыл 22 пайызға өсуі жоспарланған.
Дегенмен, әлі де шешілуі тиіс міндеттер көп. Қазіргі әлемдік күрделі жағдай көлік жолдарының маңыздылығын айқын көрсетіп отыр.
Сондықтан бағыттарды әртараптандыру, тасымалдау процестерін жеделдету және көлік қызметтерінің өзіндік құнын төмендету өте маңызды.
Жиналыста саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
– Ел экономикасы мен сауда байланыстары жыл сайын дамып келеді. Халық табысы мен аймақтардың туристік әлеуеті артуда. 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін 200 миллиард долларға жеткізу мақсаты тұр. Сондықтан көлік «артерияларына» ерекше мән беруіміз қажет, – деді Президент.
Мұның барлығын жүзеге асыру үшін құқықтық және ұйымдастырушылық негіздер толықтай жасалуда. Бұған дейін сала 25 жыл бұрын қабылданған заңға сәйкес жұмыс істеп келген еді. Осы орайда бүгін жаңа редакцияда қабылданған «Темір жол транспорты туралы» заң тарихи маңызға ие болды. Бұл заң салаға жеке компаниялар мен инвестицияларды тартуға, инфрақұрылымды дамытуға кең жол ашады.
Енді сала басшылары жұмыс тәсілі мен көзқарастарын түбегейлі өзгертіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажет. Ол үшін ең алдымен саланы трансформациялау үдерісін жеделдетіп, құрылыс және жаңғырту жобаларын сапалы орындау маңызды. Сонымен қатар, халықаралық несие рейтингін алу, мемлекеттік кепілдіксіз қаражат тарту және инвестицияларды тиімді пайдалану басты міндеттердің қатарында тұр.
Өзбекстан әуе жолдары әлі халықты толық қанағаттандыра алатын деңгейге жеткен жоқ. Халықаралық рейтингке ие болып, сыртқы нарыққа шығу баяу жүруде. Нәтижесінде, шығынның жоғары болуына байланысты билет бағасында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Шығындарды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру деңгейі төмен.
Сондықтан консалтинг компаниясын тарта отырып, трансформация бойынша нақты бағдарлама мен «жол картасын» әзірлеу міндеті қойылды.
«Uzbekistan Airports» жүйесіндегі басты басымдық – қызмет түрлерін арттыру және жеке серіктестікті кеңейту. Самарқанд әуежайы жеке басқаруға берілгеннен кейін, рейстер мен жолаушылар саны 5 есе өсті. Енді дәл осындай нәтижелерге Наманган, Әндіжан, Бұхара және Үргеніш әуежайларында да қол жеткізу көзделген. Жыл соңына дейін әуежайлардағы қосымша қызмет түрлерін 2 есе арттырып, кірісті 25 пайызға ұлғайту көзделген.
Сыртқы нарықтан тәуелсіз ресурстар тарту және Науаи әуежайы терминалын толық пайдалану бойынша шаралар белгіленді.
Мемлекет басшысы осы үш компанияда цифрландыруды жеделдетіп, жоспарларды қайта қарап, экономикалық тиімділікті арттыру жөнінде тапсырмалар берді.