Отан қорғаушыларға мемлекеттік наградалар табыс етілді

    Билік 13 Yanvar 2023 9477

    Өзбекстан Республикасы Президентінің 12 қаңтардағы жарлықтарына сәйкес, республика Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толуына және Отан қорғаушылар күніне орай бір топ әскери қызметшілер мен құқық қорғаушылар әскери атақ, орден және медальдармен марапатталды.

    13 қаңтарда Президент Әкімшілігінде аталған жоғары наградаларды тапсыру рәсімі өтті.

    Өзбекстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы Шавкат Мирзияев барша әскери қызметкерлер мен сала ардагерлерін осы айтулы күнмен құттықтады.

    – Еліміздің әскери әлеуеті заманауи қару-жарақ пен әскери техника, ержүрек сарбаздар мен офицерлер, олардың физикалық және моральдық дайындығы арқылы айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық армиямыздың нағыз күші ең алдымен сіздер – Отан қорғаудағы қасиетті іске саналы ғұмырын арнаған жалынды да жанқияр жандар, – деді Шавкат Мирзияев.

    Өзбекстанда үлкен әскери әлеуеті бар жинақы әрі ұшқыр заманауи армия құрылды. Ел Қарулы Күштерінің жаңа, лайықты буыны қалыптасты. Мемлекет басшысының идеясы негізінде халық пен әскер бір тән бір жан болды. Әскери қызмет абыройлы мамандыққа, жастар армандаған салаға айналды.

    Мемлекет басшысы бүгінгі қуатты армияның құрылуына мыңдаған жанқиярлар орасан зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

    – Біздің барлық реформаларымыздың негізінде «адамды қадірлеу» деген асыл мақсат жатыр. Бұл, ең алдымен, әрбір азаматтың отбасын, махалласының тыныштығын, жұрт тыныштығын қамтамасыз ету дегені. Адамды қадірлеу үшін ең алдымен аспанымыз ашық, шекарамыз мызғымас, берік болуы керек. Бүгін сіздер осындай міндетті абыроймен атқарып жатырсыздар, -деді Президент.

    Айтулы шарада Мемлекет басшысы әскери атақ туралы куәліктерді, ордендер мен медальдарды салтанатты түрде табыс етті. Отан қорғаушыларға зор денсаулық, табандылық пен жауапты қызметіне табыс тіледі.

    Биылғы шара тағы да ерекшелігімен есте қалтындай болды. Әмір Темір бабамыз ешбір шайқаста жеңілмегені, Сахибқыранның туы әрқашан биікте желбіреп тұрғаны белгілі. Ол – бүгінгі ұрпақ үшін қайсарлықтың, жауынгерлік ерліктің, мақтаныш пен абыройдың символы саналады.

    Сондықтан Президент бастамасымен армия жүйесінде «Әмір Темірдің жауынгерлік туы» сыйлығы тағайындалды. Осыған орай өткен жарыста Орталық әскери округ жеңімпаз атанды.

    Бүгінгі шарада «Әмір Темірдің жауынгерлік туы» алғаш рет осы округтің қолбасшысына салтанатты түрде табыс етілді.

    – Өткен қысқа мерзімде бұл округ әскери қызметкерлердің дене және рухани дайындау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери бөлімдердегі оқу-материалдық базаны нығайту бағытында маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Осы оң тәжірибені жан-жақты зерттеп, оны барлық әскерлерге қолдану қажет деп есептеймін. Сонымен бірге, барша әскери округтерімізге Әмір Темір бабамыздың жеңіс туы табыс етілу бақытын тілеймін, – деді Жоғарғы Бас Қолбасшы.

    Марапатталғандар атынан сөз сөйлегендер Мемлекет басшысына жоғары сенім мен ілтипат үшін алғыстарын білдірді.