Қарақалпақстанда жаңа кәсіпорындар іске қосылды

    Билік 30 Mart 2023 4156

    Кегейли ауданында Қарақалпақстан Республикасын экономикалық және әлеуметтік дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті.

    Шара басында 6 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Беруни ауданындағы «Беруни бидай кластері» мен «Rayhon аппарел», Қараөзақ ауданындағы «Қарақалпақ цемент» зауытының 3-кезеңі, Қоңырат ауданындағы «ККРаси кемикал», Нөкіс қаласындағы «Азимут хотел», Төрткөл ауданындағы «Хозагро» өкілдері бейнебайланыс арқылы кешендердің мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Бұл кәсiпорындарда барлығы 1100 тұрақты жұмыс орны ашылып, олар арқылы өндiрiске 300 миллиард сум, экспортқа 20 миллион доллар қосылады.

    Президент Шавкат Мирзиёев символикалық түймені басып, жаңа кәсіпорындарды іске қосты.

    Бұл шын мәнінде Қарақалпақстан Республикасындағы дамудың дәйекті жалғасы. Соңғы алты жылда облыста 15 триллион сум инвестициямен 5300-ден астам жоба жүзеге асырылды. Кәсіпкерлер саны екі есеге артып, 46 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұған дейін өнеркәсібі ең төмен болған 6 ауданда өнім өндіру 2-3 есеге өсіп, Қарақалпақстандағы үлесі 12 пайызға жетті.

    Жалпы, осы аралықта Қарақалпақстанда өнеркәсiп 1,3 есе өсiп, 61 түрлi жаңа өнiмнiң өндiрiсi жолға қойылды. Атап айтқанда, химия, құрылыс материалдары, тамақ, тоқыма және фармацевтикалық өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2 еседен астам өскен.

    Өткен жылғы 31 тамызда Мемлекет басшысының «Қарақалпақстан Республикасында кәсiпкерлiк, инновациялық технологиялар мен инфрақұрылымдарды қарқынды дамыту есебінен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысы және үлкен бағдарлама қабылданған еді. Осының баршасына 2023 жылы 670 миллиард сум және 340 миллион доллар бөлінді.

    Кәсіпкерлерге тартымды бизнес-ортаны қалыптастыру мақсатында пайда, айналым салығы, жер және мүлік салығы 2 есеге азайтылып, әлеуметтік салық 1 пайыз мөлшерінде белгіленді. Осы арқылы Қарақалпақстанның барлық кәсiпкерлерiнiң иелiгiнде жылына 500 миллиард сум қалады.

    Тек осы өңірдің кәсіпкерлеріне Кәсіпкерлік қоры коммерциялық несиенің 75 пайызына кепілдік беруі белгіленді. Мұндай мүмкіндіктер салалардың дамуына қосымша серпін берді.

    – Біз бір халық, бір елміз! Барлық облыстар Қарақалпақстанның дамуына өз үлестерін қосуға бел буған. Әр ауданға министрлер, облыс әкімдері, кеңсе және банк басшылары бекітілген. Мұның нәтижесі барлық аудандарда байқалуда және бұл істер тоқтамайды, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Жиында Мемлекет басшысы Қарақалпақстан халқының әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған үш жаңа бастаманы жария етті.

    Біріншіден, Қарақалпақстандағы 452 елді мекеннің әрқайсысына 500 миллион сумдық қосымша қаражат тікелей бөлінетін болады. Осы мақсатта Қарақалпақстанның махаллаларын қолдаудың жеке қоры құрылып, оған биыл 250 миллиард сум бөлінетін болды.

    Екіншіден, кадастрсыз 38 мың үй мен жылжымайтын мүлікке тиісті құжаттар беріледі.

    Үшіншіден, халықтың сұранысын ескере отырып, биыл 4 мың тұрғын үй салынады. Сондай-ақ заманауи жоба бойынша 4 мың жеке тұрғын үй салуға 4 сотық жер бөлінбек.

    Жиында жұмыс орындарын көбейту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мәселелеріне баса назар аударылды.

    Қарақалпақстанда 72 мың ресми жұмыссыз кісі бар. Жыл сайын еңбек нарығына 43 мың жас келеді. Осыны ескере отырып, 193 мың жұмыс орнын ашып, Қарақалпақстанды «жұмыссыз аймаққа» айналдыру мақсаты қойылды. Осыған байланысты ірі кәсіпорындар мен кластерлер, тау-кен өнеркәсібі, отбасылық бизнес, үй шаруашылығы мен ауыл шаруашылығындағы мүмкіндіктер көрсетілді.

    2022 жылы азық-түлік өнімдерінің мол әрі арзан болуы үшін халыққа 6600 гектар жер берілген еді, биыл тағы 6000 гектар жер бөлінуде. Бұл арқылы сәбіз, пияз, картоп сияқты күнделікті өнімдерге деген қажеттілікті өтелмек. Бустан каналын бетондау есебінен «Елликқала», «Төрткөл» және «Беруний» аудандарында 100 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады. Егістіктердің шетінде 3,6 мың гектарға жүзім, көкөністер егіліп, 42 мың тонна өнім алынатын болады.

    Қарақалпақстанда 51 мектепте оқушылар саны нормадан 2 есе көп. 208 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету жақсы емес. 120 шақырым тас жол және ең көп жүретін 600 шақырым ішкі жол жөндеуді қажет. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру мекемелерін салу, мектептер мен ауруханаларды жөндеу, оның ішінде 9 ауданды жылумен қамтуға қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

    Сондай-ақ жолдарды жөндеу, электр қуатының тапшылығына шара қолдану жөнінде тапсырмалар берілді.

    Қарақалпақстандық белсенділер бұл мақсаттарға жету өз қолдарында екенін, барлығы бірлесе әрекет етсе нәтиже жақсы болатынын баса айтты.

    No date selected
    April 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates