Атаулы қала құрылысының іргетасы 2023 жылы қаланған еді. Бүгінде алғашқы ғимараттар бой көтеріп үлгерді. Құрылыс үшін Жоғарғы Шыршық және Орта Шыршық аудандарынан 19700 гектар жер бөлінген. Жобаның тұжырымдамасын Ұлыбританияның Cross-works компаниясы әзірлеген.
Бірінші кезеңде 6 мың гектар аумақта нысандар салынып, 600 мың тұрғынға заманауи жағдай жасалады. Жоба толық аяқталғанда қалада 2 миллионға жуық халық өмір сүреді.
Бұл көрсеткіштер аймақтағы құрылыс ауқымының қаншалықты ірі екенін айқындайды. Сондықтан инфрақұрылым да сапалы әрі ұзақ мерзімді болуы шарт. Осы мақсатта бүгінде қаланың «іргесі» саналатын жер асты инженерлік желілері жүргізілуде.
Атап айтқанда, бір және екі секциялы коллекторлар төселуде. Олардың бойымен орталықтандырылған жылу және су құбырлары, электр қуаты мен телекоммуникация секілді барлық инженерлік желілер жер астымен тартылады. Сондай-ақ көліктердің еркін қозғалысы үшін тоннельдер мен жерасты автотұрақтары салынады.
Әрбір жоба заманауи тәсілмен, тың шешімдер және көгалдандыру талаптарын ескере отырып орындалуда. Экологиялық таза көлік жүйесі құрылады, метро мен электробустар қозғалысы үйлестіріледі. Жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін кедергісіз әрі қауіпсіз жағдай жасалады.
Аймақта 60-тан астам мемлекеттік мекеме үшін әкімшілік ғимараттар тұрғызылады. Бүгінде оннан астам министрлік пен ведомство уақытша нысандарда жұмысын бастап кеткен.
Мемлекет басшысына таяу болашақта жүзеге асырылатын жобалар жөнінде ақпарат берілді.
Қалаға көптеген отандық және шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Қазіргі уақытта аукционда сатылған 13 коммерциялық лот бойынша 554 миллион АҚШ долларлық инвестициялық келісімшарттар жасалған.
Бұл жерде бой көтеретін қонақ үйлер мен мейрамханалар, ерекше дизайндағы сәулетті ғимараттар келушілерге сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, қаланы туризм орталығына айналдыруы сөзсіз.
Құрылыс жұмыстары барысында 160 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Болашақта қалада инновациялық технологияларға негізделген, жоғары табысты жүз мыңдаған тұрақты жұмыс орындары ашылады. Бұл үшін жаңа білім және медицина кластерлері, ақпараттық технология қызметтері және технопарктер ұйымдастырылады.
Президент жобаларға инвестиция тарту, демалыс орындары мен қызметтерді қолайлы жолға қою жөнінде ұсыныстар берді.