Тригенерация технологиясы қаланы орталықтандырылған салқындату және жылумен қамтамасыз етуге арналған заманауи шешім саналады және дәстүрлі қуат көздерімен салыстырғанда энергияны екі есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Әдеттегі жылу орталықтары немесе салқындату жүйелерінде өндірістік үдерістер жеке-жеке орындалса, тригенерацияда олардың барлығы бірыңғай технологиялық тізбек аясында біріктіріледі.
Қазіргі таңда Жаңа Ташкентте дәл осы технологияға негізделген станцияның негізгі ғимараттары мен нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба аясында пайдаланылатын негізгі жабдықтар халықаралық энергия тиімділігі талаптарына толық сәйкес келеді.
Бірінші кезеңде жылумен қамтамасыз ету үшін 75 мегаватт, салқындату жүйесі үшін 100 мегаватт қуат өндіріледі. Сонымен қатар, қосымша 17 мегаватт электр энергиясын өндіру көзделген.
Мемлекет басшысы Жаңа Ташкенттегі алғашқы қосалқы станцияда атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты.
Қуаты 100 мегаваттты құрайтын бұл қосалқы станция Жаңа Ташкенттің бастапқы кезеңдегі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Жоба Қытайдың «Haocheng Industry Group Limited» компаниясының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылуда.
Аталған нысан Өзбекстандағы алғашқы жабық типтегі қосалқы станция болып табылады.
Мұндай нысандар дәстүрлі ашық типтегі қосалқы станциялармен салыстырғанда бірқатар артықшылықтарға ие. Ең алдымен, олар қалалық ортаға бейімделіп жобаланады және аумақтың сәулеттік келбетін бұзбай орналастырылады. Сонымен қатар, мұндай станциялардың шу деңгейі дәстүрлі нысандарға қарағанда екі есе төмен. Бұдан бөлек, ашық типтегі станцияларға қарағанда үш есе аз аумақты қажет етеді. Бұл Жаңа Ташкент секілді инженерлік тұрғыдан күрделі тұжырымдамаға ие жаңа қала үшін аса маңызды артықшылық саналады.
Президент нысандармен танысу барысында олардың техникалық мүмкіндіктерін, экономикалық тиімділігін және Жаңа Ташкент үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ жобаның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және келесі кезеңдерді жедел әрі сапалы жүзеге асыру жөнінде өз ұсыныстарын берді.