Өзбекстанда өнеркәсіп пен кәсіпкерлік дамыған сайын қосымша жағдайлар жасау қажеттілігі туындауда. Мемлекет басшысының биыл 20 наурызда қабылдаған шешімі негізінде құрылған бұл өнеркәсіп аймағы көптеген жаңа кәсіпорындарға орын болмақ.
Аймақ экономикасында маңызды рөл атқаратыны күтіліп отырған кешеннің жалпы аумағы 764 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта инфрақұрылымдық желілер салынуда. Мұнда тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары, электротехника, машина жасау және химия өнеркәсібі сияқты бағыттарда құны 1 миллиард 375 миллион долларды құрайтын 47 жоба орналасады. Оларда 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Президентіміз атап өткендей, бұл кәсіпорындарда халықаралық брендтермен әріптестік орнатылады. Атап айтқанда, «DP World», «JAC Motors», «Krantas», «Aces Japan», «East сan solutions», «EAS» және «Evyap» сияқты беделді компаниялармен бірлесіп, қосылған құны жоғары, экспортқа бағытталған өнімдер шығарылады.
Мемлекет басшысына осы жобалардың кейбірі таныстырылды.
Атап айтқанда, Қытайдың «CAMC Engineering» компаниясымен өнеркәсіп аймағын басқару, инвесторларды тарту және инфрақұрылым нысандарын салу көзделген. «JAC Motors» компаниясы коммерциялық автокөліктер өндірісін іске қосады. Құны 135 миллион доллар болатын бұл жоба аясында 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жапонияның «Aces Japan» компаниясымен бірлесіп, құны 9 миллион доллар болатын кеңсе орындықтары мен жиһаздар өндірісі қолға алынып, тағы 100 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Біріккен Араб Әмірліктерінің «DP World» компаниясымен көлік-логистика орталығын құру жұмыстары басталған.
Сонымен қатар, аймақта зертхана, зерттеу орталығы, конференция-залдар және сауда аймағы құрылатын болады. Сондай-ақ дуалдық оқыту жүйесі енгізіліп, өнеркәсіп кәсіпорындары үшін қажетті мамандар сол жерде дайындалады.
– Соңғы жылдары жалпы ішкі өніміміз екі есеге өсіп, биыл 110 миллиард долларға жетіп отыр. Енді біз оны 200 миллиард долларға жеткізуді мақсат еттік. Егер инвесторлардың жобаларына барлық жағдайды жасамасақ, бұл көрсеткішке жете алмаймыз. Ташкент бұл істе үлгі болуы керек, – деді Президент.
Жауапты тұлғаларға жобаларды жергіліктендіру және цифрландыру, энергия үнемдеуге назар аудару бойынша тапсырмалар берілді.