Төменде берілген инфографика БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің (UN DESA) бағалауларына негізделген. Онда 2000 жылғы шілде мен 2024 жылғы шілдеде түрлі елдерде тұратын мигранттар саны салыстырылған. Ұлттық анықтамаларға байланысты бұл санатқа босқындар, баспана іздеушілер және азаматтық алған адамдар да кіруі мүмкін.

Келтірілген көрсеткіштер осы кезеңде келген адамдардың жалпы санын немесе халықтың елге келуі мен елден кетуі арасындағы айырмашылықты емес, әр елде тұратын мигранттар санының өзгерісін көрсетеді.

Еуропадағы мигранттар санының жалпы өсімінің жартысына жуығы Ұлыбритания, Испания және Германияға тиесілі. Жалпы алғанда, бұл елдерде осы санатқа жататын  20,4 миллионға жуық қосымша халықты қабылдады.

Алайда салыстырмалы өсім қарқыны бойынша рейтинг басқаша көрінеді. Шағын мемлекеттер ең жоғары өсім көрсеткіштерін көрсетті. Олардың қатарында Мальта, Болгария және Исландия бар, деп хабарлайды naked-science.ru.

Испанияда мигранттар саны төрт еседен астам өсті. Бұған ішінара 2000 жылдардың басындағы құрылыс қарқынының күрт артуы және 2005 жылғы заңдастыру бағдарламасы әсер етті. Осы бағдарлама аясында 700 мыңға жуық өтініш берілген.

Ұлыбританияда қарастырылып отырған кезеңде мигранттар саны 149%-ға өсті. Алайда соңғы жылдары көші-қон үрдістері өзгерді. Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының (ONS) мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылы виза беру ережелері қатаңдатылғаннан кейін таза көші-қон көрсеткіші 171 мың адамға дейін төмендеген.

Сонымен қатар, барлық елде де өсім байқалған жоқ. Ресей мигранттар санының абсолюттік көрсеткіш бойынша ең үлкен төмендеуін тіркеді: елде тұратын мигранттар саны шамамен 4,3 миллион адамға азайды. Сербияда, Украинада және Шығыс Еуропаның басқа да бірқатар мемлекеттерінде де төмендеу байқалды.

Иммиграция жұмыс күшінің тапшылығын толтыруға, салық базасын кеңейтуге және демографиялық төмендеудің салдарын жұмсартуға көмектеседі. Алайда халық санының жылдам өсуі, әсіресе инфрақұрылымның дамуы халық санының артуына сай келмеген жағдайда, тұрғын үй қорына, мектептерге және мемлекеттік қызметтерге қосымша салмақ түсіруі мүмкін.

Жаңа тұрғындарды интеграциялаудың табысты болуы көбіне жұмыс істеуге рұқсат беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, тіл үйрену және шетелде алынған біліктілікті мойындау саясатына байланысты. Бұл мәселелер, әсіресе, өз елінде туған тұрғындардың эмиграциясы күшейіп жатқан мемлекеттер үшін өзекті.

Түптеп келгенде, Еуропаның көші-қон тарихы тек жаңа тұрғындарды тарту мәселесімен шектелмейді. Ол сондай-ақ мемлекеттер мигранттардың жергілікті қоғамға бейімделуі мен кірігуін қаншалықты тиімді қамтамасыз ете алатынына да байланысты.