Олий Мажлис Заң шығару палатасының мәжілісінде кедендік әкімшілендіру мен сыртқы сауда тәртіптерін жеңілдетуге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Заң жобасы аясында Кеден кодексіне бірқатар өзгерістер мен қосымшалар енгізу ұсынылуда.

Атап айтқанда, шетелдік автокөлік құралдарының Өзбекстан аумағында болу мерзімін қолданыстағы 90 күннен 180 күнге дейін ұзарту көзделуде.

Сонымен қатар, кедендік төлемдерді кейінге қалдыру мерзімін 60 күннен 120 күнге дейін ұзарту ұсынылып отыр. Бұл ретте төлемдерді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін есептелетін пайыздық мөлшерлеме Орталық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесіне теңестіріледі.

Заң жобасында кәсіпкерлік субъектілері үшін бас қамтамасыз ету сомаларын төмендету механизмдерін енгізу де қарастырылған.

Бұдан бөлек, лицензиялау, рұқсат беру және хабардар ету тәртіп-қағидалары аясында өтініштер мен оларға қоса берілетін құжаттарды «Бірыңғай терезе» кедендік ақпараттық жүйесі арқылы қабылдау мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Атап өтілгендей, ұсынылып отырған өзгерістер сыртқы сауда операцияларындағы артық әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін жеңілдетуге, сондай-ақ кеден қызметтерінің ашықтығы мен жеделдігін арттыруға бағытталған.

Талқылаулардан кейін заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.