Мемлекет басшысы өз сөзінде кейінгі жылдары елімізде «Халық мемлекеттік органдарға емес, мемлекеттік органдар халыққа қызмет етуі керек» деген қағидат мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Реформалардың негізінде адам қадірін ардақтау, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін лайықты жағдай қалыптастыру мақсаты тұрғаны айтылды.
Айтылғандай, тиімді мемлекеттік басқарусыз ешбір салада күтілген нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әрбір азамат мемлекет қызметіне күнделікті өмірінде сезінген оң өзгерістер арқылы баға береді. Сондықтан басқару органдары халықтың мәселелерін дер кезінде, әділ әрі жүйелі түрде шешуі қажет.
Сондай-ақ артық қағазбастылық пен бюрократия реформалардың тиімділігін төмендетіп, халықтың мемлекетке деген сенімін әлсірететіні айтылды. Осыған байланысты мемлекеттік басқаруға жаңа әрі озық тәсілдерді енгізуге ерекше көңіл бөлініп жатқаны атап өтілді.
Бұл бағытта Біріккен Араб Әмірліктері мен ынтымақтастықтың маңызы зор екені айтылды. Соңғы жылдары мемлекеттік басқару саласындағы екі ел серіктестігі жаңа деңгейге көтерілген. Былтыр қараша айында бюрократияны қысқарту және жасанды интеллект мәселелері бойынша халықаралық форумдар бірлесіп ұйымдастырылып, мемлекеттік басқаруда озық тәжірибе алмасуға қатысты ынтымақтастық келісіміне қол қойылған.
«Сапалы мемлекеттік басқару» бағдарламасы осы серіктестіктің нақты нәтижесі ретінде бағаланды.
Мемлекет басшысы аталған бағдарлама мемлекеттік органдар қызметін әділ бағалауға, олардың күшті және әлсіз тұстарын анықтауға, озық тәжірибелерді кеңінен таратуға және салауатты бәсекелестік ортасын қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.
Биылғы қаңтар–сәуір айларында бағдарлама аясында 40 республикалық мекеменің қызметі, басқару сапасы және басшы кадрлардың көшбасшылық қабілеті халықаралық сарапшылар мен жергілікті мамандар тарапынан бағаланған.
Марапаттау рәсімінде бірқатар министрліктер мен ведомстволар қол жеткізген нәтижелері үшін марапатталды.
Өзбекстан Әділет министрлігі «Өзбекстан – 2030» стратегиясын іске асырудағы ең үлгілі министрлік номинациясының жеңімпазы атанды. Айтылғандай, министрлік қысқа мерзім ішінде заманауи, ашық әрі цифрлық әділет институтына айналған. Бүгінде 30 платформа арқылы 380 қызмет толық цифрландырылып, 780-нен астам қызметті онлайн пайдалану мүмкіндігі жасалған. Сондай-ақ ел бойынша 208 мемлекеттік қызмет көрсету орталығы бірыңғай стандарт негізінде жұмыс істеп жатыр.
Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігі ресурстарды басқару саласындағы ең үздік министрлік ретінде танылды. Министрлікке бөлінген қаражаттың жаңа кен орындарын барлау мен саланы дамытуға бағытталғаны, геологиялық-барлау жұмыстарында су шығыны 20 пайызға қысқарғаны, сондай-ақ негізгі кен өндіру жабдықтарын жергіліктендіру деңгейі 84 пайызға жеткізілгені атап өтілді.
Ішкі істер министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы оң нәтижелері үшін ең үздік ведомство деп танылды. Министрлік көрсететін 60-қа жуық қызметтің 95 пайызы цифрлық форматқа көшірілген. Бұрын бөлек жұмыс істеген 72 дерекқор бірыңғай «Қауіпсіз қала» жүйесіне біріктіріліп, оған 14 басқару орталығы мен 20-дан астам министрлік қосылған. Өткен жылы 148 мыңнан астам әкімшілік іс қашықтан қаралған.
Байқау аясында үлгілі басшы және маман қызметкерлер де марапатталды. Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігінің басқарма басшысы Мақсуд Болибеков үздік үлгілі басшы қызметкер, Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің бөлім басшысы Фазлиддин Муминов үздік үлгілі әкімшілік қызметкер, «Узатом» агенттігінің бас маманы Шахмирза Умаров ең үлгілі маман қызметкер, Кедейлікті қысқарту және жұмыспен қамту министрінің кеңесшісі Умматай Юлдашева үздік үлгілі әйел қызметкер, сондай-ақ, Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің жоба кеңсесі жетекшісі Акбархон Собирхонов үздік үлгілі талантты жас қызметкер, Әділет министрлігінің бөлім басшысы Мирсаид Рахматов адам ресурстары саласындағы үздік үлгілі қызметкер ретінде жеңімпаз болды.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олим Омонов үлгілі министр орынбасары, Атом энергиясы агенттігінің директоры Азим Ахмадхужаев үлгілі агенттік директоры, ал Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Халилилло Турахужаев үлгілі комитет төрағасы ретінде танылды.
Мемлекет басшысы үздік деп танылған қызметкерлерді лауазымын бір сатыға көтеріп, басқарушы кадрлар резервіне енгізу жөнінде ұсыныс білдірді. Олардың үнемі өзін-өзі дамытып, жаңаша ойлап, еңбек қызметіне инновациялық тәсілдерді енгізуі өзгелерге үлгі болуы қажеттігі атап өтілді.
Президентіміз алдағы кезеңдерде бағдарламаның бұдан да ашық әрі талапшыл болатынын айтты. Ендігі уақытта жақсы нәтиже көрсеткен мекемелермен қатар, тиімділік пен қызмет сапасы жағынан артта қалып отырған ұйымдар да ашық жария етіледі. Бұл мемлекеттік органдарды өз қызметіне әділ баға беруге, кемшіліктерді жоюға және халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға ынталандырады.
Енді «Сапалы мемлекеттік басқару» бағдарламасы әр екі жыл сайын өткізіледі. Келесі кезеңнен бастап оған жергілікті әкімдіктер де қатысады. Өйткені реформалардың нәтижесі ең алдымен төменгі буында — аудан және қала деңгейінде сезілуі тиіс.
Мемлекет басшысы халық сенетін, адам қадірін дәріптейтін, жұрттың ауыртпалығын жеңілдететін тиімді мемлекеттік жүйе қалыптастыру алдағы уақытта да басым міндет болып қала беретінін атап өтті. Министрліктер мен ведомстволар қызметінде «процесс үшін» емес, «нәтиже үшін» жұмыс істеу қағидаты негізгі өлшемге айналуы қажеттігі айтылды.