Соңғы
жылдары елімізде ғылымды жан-жақты қолдау және оның халықаралық деңгейдегі
бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылып
келеді. Соның нәтижесінде ғылыми белсенділік артып, халықаралық ғылыми
басылымдардағы мақалалар саны мен жоғары рейтингке ие журналдарда жарияланып
жатқан зерттеулер үлесі тұрақты түрде өсіп келеді.
Сонымен
қатар, ғылыми кадрлар даярлау сапасын одан әрі жақсарту, зерттеулердің
практикалық маңызын күшейту, академиялық адалдық қағидаларын нығайту және
саладағы басқару жүйесін заманауи талаптарға сай жетілдіру маңызды міндеттердің
бірі болып қалуда.
Осыған
байланысты таныстырылымда жоғары әлеуетті ғылыми және ғылыми-педагогикалық
кадрлар даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған шаралар талқыланды.
Өзбекстанның
ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамуы үшін ең негізгі бағыт саналатын
жасанды интеллект, жаңартылатын энергия, азық-түлік қауіпсіздігі, медицина, су
ресурстары, жаңа материалдар және сейсмология секілді салалар бойынша ғылыми
кадрлар даярлауда ізденушілерді қолдаудың жаңа жүйесін енгізу ұсынылды.
Аталған
бастама аясында басым бағыттардағы докторанттардың шәкіртақысын 1,7 есеге
арттыру, сондай-ақ ғылыми зерттеулерге қажетті құрал-жабдықтар мен реагенттер
сатып алуға жыл сайын қосымша қаражат бөлу қарастырылып отыр.
Сондай-ақ,
ғылыми жетекшілердің жауапкершілігін күшейтіп, оларды ынталандыру тетіктерін
жетілдіру ұсынылды. Енді сәтті қорғалған диссертациялар бойынша ғылыми
жетекшілердің халықаралық ғылыми белсенділік көрсеткіштері ескеріліп, нәтижеге
бағытталған ынталандыру жүйесін енгізу көзделуде.
Тағы бір
маңызды бағыттардың бірі ретінде Жоғары аттестациялық комиссия қызметін
түбегейлі жетілдіруге қатысты жаңа тәсілдер ұсынылды.
Атап
айтқанда, Жоғары аттестациялық комиссия қызметін Ғылым академиясы жүйесі
аясында ұйымдастыру, ғылыми кеңестердің жауапкершілігін арттыру және олардың
жұмысын рейтинг негізінде бағалау көзделіп отыр.
Сондай-ақ
ғылыми дәреже беру үдерістерін толық цифрландыру арқылы артық бюрократиялық
рәсімдерді қысқарту ұсынылды.
Атап
айтқанда, қазіргі таңда диссертация қорғау барысында қолданылатын рәсімдердің
50 пайызы цифрландыру есебінен қысқартылмақ.
Бұл
үдерісте көптеген құжаттарды басып шығару, авторефераттарды көп көлемде әзірлеу
және диссертацияларды қайта-қайта талқылауға байланысты артық талаптарды алып
тастау жоспарланған. Бұл өз кезегінде ізденушілер үшін қолайлы жағдай жасап,
уақыт пен қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен
қатар ғылым мен экономиканың нақты секторын ықпалдастыру мақсатында философия
докторы (PhD) ғылыми дәрежесін тәжірибелік зерттеу жобасы аясында алуға
мүмкіндік беретін «Жоба аясындағы ғылыми дәреже» және «Тәжірибелік
докторантура» бағдарламаларын іске қосу ұсынылды.
Бұл
тәсілдер аясында докторлық зерттеулер өндіріс пен экономиканың нақты
қажеттіліктеріне негізделіп қалыптастырылады. Ғылыми ізденістер нақты сектор
кәсіпорындарымен бірлесіп жүргізіліп, олардың нәтижелерін тәжірибеге енгізуге
басымдық беріледі.
Сондай-ақ
ғылыми жобаларды қаржыландыру және іріктеу жүйесін жетілдіруге қатысты
ұсыныстар қаралды.
Бұл
үдеріске халықаралық сарапшыларды тарту, заманауи цифрлық технологиялар
негізінде жобаларды бағалау жүйесін енгізу, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді
қаржыландырудағы ашықтық пен тиімділікті арттыру көзделген.
Сонымен
бірге ғылыми белсенділіктің жоғары қарқынмен өсуі зерттеу сапасын, академиялық
адалдықты және ішкі ғылыми бақылау тетіктерін одан әрі күшейтуді талап етіп
отыр.
Осыған
байланысты ғалымдардың ғылыми қызметін бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін
енгізу, ғылыми этика стандарттарын жетілдіру және зерттеу сапасына ықпалды
мониторинг жүргізу механизмдерін қалыптастыру ұсынылды.
Шетелде
еңбек етіп жүрген тәжірибелі отандас ғалымдармен ынтымақтастықты кеңейту
мәселесінеде назар аударылды.
Атап
айтқанда, ғылым саласын халықаралық тәжірибе негізінде дамыту, ғылыми зерттеу
мәдениетін нығайту және заманауи әдіснамалық стандарттарды жетілдіру бойынша
ұсыныстар әзірлейтін Ғылым жөніндегі консультативтік кеңес құру бастамасы
көтерілді.
Мемлекет
басшысы ұсынылған бастамаларды жан-жақты пысықтау, ғылым мен ғылыми кадрлар
даярлау жүйесін заманауи талаптар негізінде жетілдіру және ғылыми зерттеулер
сапасын арттыру маңызды екенін атап өтті.
Жауапты
тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.