Жобаға сәйкес, 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнет жасы жыл сайын 3 айға асырылып отырады. Нәтижесінде 2039 жылы жалпы белгіленген зейнет жасы ерлер үшін 63 жасқа, әйелдер үшін 58 жасқа жеткізіледі.

Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы белгіленген зейнет жасын бір жылға қысқартып, зейнетақы тағайындау тәртібі жойылады.

Зейнет жасы асырылған кезеңде зейнетке шығуға жақын жастағы азаматтар үшін бірқатар кепілдіктер белгіленеді. Атап айтқанда, азаматты зейнеталды жасына байланысты жұмыстан шығаруға немесе жұмысқа қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді.

Жұмыссыз деп танылған азаматтардың зейнетке екі жыл бұрын мерзімінен бұрын шығу құқығы сақталады. Жер астындағы жұмыстарда, зиянды және ауыр еңбек жағдайларында толық жұмыс күні бойы еңбек еткен ерлер мен әйелдердің жеңілдікпен зейнетке шығу құқығы да сақталады.

Зейнетақы алушыларға қолданылатын салық, көлік және денсаулық сақтау салаларындағы жеңілдіктер сақталады. Ер адамдарға 60 жастан, әйелдерге 55 жастан жинақталған зейнетақы қаражатын алу құқығы беріледі.

Зейнетақыны есептеуде жалақы кезеңі 20 жылға дейін ұлғайтылады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін соңғы еңбек қызметі кезеңіндегі бес жылдық жалақы мөлшері жыл сайын бір жылға ұлғайтылып, бұл кезең 20 жылға дейін жеткізіледі.

Бұл ретте, зейнетақы тағайындау кезінде орташа жалақыны анықтау үшін азаматтың ең төмен табыс алған кезеңінің 10 пайызы зейнетақы есеп-хисабынан алып тасталады.

Жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін талап етілетін ең төменгі еңбек өтілі де кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Қазіргі қолданыстағы 7 жылдық талап жыл сайын бір жылға көбейтіліп, 2034 жылы 15 жылға жеткізіледі.

Ең төменгі еңбек өтілі болмаған азаматтарға жалпы белгіленген зейнет жасынан бес жыл өткен соң жасына байланысты жәрдемақы алу құқығы сақталады.

Зейнетке кеш шыққандарға қосымша мүмкіндік

Жоғары табыстан әлеуметтік салық төлейтін және зейнет жасына жеткеннен кейін де еңбек қызметін жалғастыратын азаматтарды қосымша ынталандыру мақсатында 2028 жылғы 1 сәуірден бастап алғаш рет зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынатын жалақының жоғарғы шегі  асырылады.

Бұл ретте зейнетақыны есептеудің базалық мөлшерінің 12 есесі орнына 13 есесі қолданылады.

Егер азамат зейнетке 6 ай кеш шықса, бұл шек 14 есеге дейін, ал 12 ай кеш шықса, 15 есеге дейін асырылады.

Жинақтайтын зейнетақы жүйесінде жаңа тәртіп

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап орташа айлық жалақысы зейнетақыны есептеудің базалық мөлшерінің 15 есесінен төмен болған азаматтардың жинақтаушы зейнетақы шотына өз еркімен жалақысының 5 пайызы мөлшерінде аударған қаражатына мемлекеттік бюджет есебінен 50 пайызға дейін қосымша қаражат төленеді.

Орташа айлық жалақының зейнетақыны есептеудің базалық мөлшерінің 15 есесінен асатын бөлігінен 1 пайыз мөлшеріндегі қаражат әлеуметтік салық есебінен азаматтың жинақтаған зейнетақы шотына аударылады. Бұл көрсеткіш 2033 жылдан бастап 2 пайыз, ал 2040 жылдан бастап 3 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

Азаматтарға жинақтаған зейнетақы шотындағы қаражатты инвестициялық және қаржылық құралдарға орналастыруға қатысу мүмкіндігі беріледі. Одан алынған жылдық табыс азаматтың жинақтайтын зейнетақы шотына қосылады.

2030 жылғы 1 қаңтардан бастап жинақтайтын зейнетақы шотындағы қаражатты ауыр ауруға шалдыққан жағдайда емделуге, сондай-ақ ипотекалық несие бойынша бастапқы жарна ретінде пайдалану құқығы беріледі.

Жинақтайтын зейнетақы жүйесі Зейнетақы қорына өткізіледі

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың жинақтайтын зейнетақы жүйесі АК «Халық банкінен» Экономика және қаржы министрлігі жанындағы бюджеттен тыс Зейнетақы қорының қарамағына өткізіледі.

Есеп-шоттарда жинақталған қаражат, оның ішінде мемлекеттік бюджет пен әлеуметтік салық есебінен қосымша төленген қаражаттар, сондай-ақ инвестициялар мен қаржылық құралдардан алынған табыстар азаматтың жеке меншігі болып есептеледі. Оларды мұра ретінде қалдыру құқығы сақталады.

Жүйенің Зейнетақы қоры қарамағына берілуіне байланысты жинақтаған зейнетақы жүйесіне 31 штат бірлігі бөлінеді.

Сонымен қатар, 2027 жылдың соңына дейін жинақталған зейнетақы жарналарының есебі мен жеке зейнетақы есеп-шоттарындағы қаражаттардың есебін жүргізу  кезең-кезеңімен «Халық банктің» бірыңғай электрондық базасынан Зейнетақы қорының ақпараттық жүйесіне өткізіледі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін де жаңа тәртіп енгізіледі

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін әлеуметтік салықты белгіленген мөлшерде төлеу жүйесі енгізіледі. Оларға әлеуметтік салықты жыл бойы бөліп төлеу құқығы беріледі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар төлеген әлеуметтік салықтың 10 пайызы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына бағытталады. Осы қаражат есебінен белгіленген тәртіппен жүктілік және босану бойынша жәрдемақы, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы төленеді.

Бұдан бөлек, 55 жастан асқан әйелдер мен 60 жастан асқан ерлер үшін орташа жалақысы сақтала отырып, қысқартылған жұмыс уақыты енгізіледі.

Табысы төмен отбасыларға материалдық көмек тағайындау кезінде отбасы мүшелерінің мәртебесін анықтау үшін 55 жастан асқан әйелдер мен 60 жастан асқан ерлерден ресми табыс талап етілмейді.

Зейнетақы жүйесіне мемлекеттік бюджеттің қатысуы күшейтілуі ұсынылуда

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтың еңбек өтіліне қосып есептелетін, әлеуметтік салық пен Зейнетақы қорына аударылатын сақтандыру жарналары төленбеген кезеңдерге, сондай-ақ зейнетақыларды ең төменгі мөлшерге жеткізуге, зейнетақыға үстемеақы және қосымша төлемдер беруге байланысты шығындарды мемлекеттік бюджет есебінен өтеу жүйесі енгізіледі.

Кәсіпорындар мен ұйымдарға әлеуметтік салық төлемі бойынша жаңа жеңілдіктер беруге жол берілмейді. Ал қолданыстағы жеңілдіктер 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылады.

Жекеменшік зейнетақы қорлары құрылуы мүмкін

Экономика және қаржы министрлігі 2027 жылдың соңына дейін азаматтардың қартайған кездегі қаржылық тұрақтылығын нығайту мақсатында қаражатты ерікті түрде жинақтау бойынша қаржы базарында бәсекелестік ортаны қалыптастыруды көздейтін заң жобасын әзірлейді.

Онда жекеменшік және корпоративтік зейнетақы қорларын құру және олардың қызметін жолға қою мәселелері қарастырылады.

Сонымен қатар, Зейнетақы қоры жанынан зейнетақы жүйесін дамыту және тұрақты зейнетақы жүйесін құру мәселелері бойынша халықаралық консультанттардан тұратын жобалық кеңсе құрылады.

«Зейнетақы» мобильді қосымшасы әзірленеді

Азаматтарға болашақтағы зейнетақы мөлшерін тұрақты түрде білуге мүмкіндік беретін механизм жасалады.

Сонымен қатар, мемлекеттік және жинақтайтын зейнетақы жүйелері бойынша бірыңғай электрондық профиль қалыптастырылады.