Ботаника және дендрология бақтары осы техникум оқушылары үшін тәжірибе базасына, ал ғылыми қызметкерлер үшін зерттеу алаңына айналады.
Президент аумақтарда жасыл бақтар құру бойынша халық пен депутаттардың қатысуын одан әрі кеңейтуді ұсынды.
Бұған дейін «Менің бағым» бағдарламасы аясында әрбір жобаға бюджеттен 250 миллион сумға дейін қаржы бөлінсе, енді бұл сома 400 миллион сумнан асырылады.
Әрбір жасыл бақ пен қоғамдық парк үшін тұрғындар өздері таңдаған, тұрғылықты жеріне жақын, ең бастысы су көзі бар аумақтан 1 гектарға дейін жер бөлінеді.
Биылғы маусымнан бастап Заң шығару палатасының әрбір депутатына да өз округінде жасыл аймақ немесе бақ құру үшін 412 миллион сумнан қаржы бөлінеді.
«Халқымызда “Жақсыдан бақ қалады”, “Бір көшет – мың береке”, “Бала сүйсең, той қылсаң, ағаш ек” деген нақыл сөздер бекерге айтылмаған. Мұндай даналық сөздердің маңызы қазіргі кезде бұрынғыдан да артып отырғанын күнделікті өмірде көріп отырмыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы махалла төрағаларына, ақсақалдарымызға, әйелдер қауымына, барша белсенділерге арнап сөз сөйлеп, елді мекендерде ұлттық салт-дәстүрімізді, құндылықтарымызды одан әрі насихаттауға, елді мекен тұрғындарын бірлік пен ынтымақ рухында осындай игі істерге жұмылдыруға, клубтар мен қауымдастықтар ұйымдастыруға, көше мен үй маңына гүлдер мен көшеттер отырғызуға, ал дала мен адырларға ағаштар егу ісінде жастарға жетекшілік етуге шақырды.
«Себебі, ізгі ниетпен егілген әрбір көшет – бұл өмір, бұл таза ауа, бұл салауатты орта, бұл – болашақ!» – деді мемлекет басшысы.