Университеттің өз қаражаты
есебінен 86,5 миллиард сум бөлініп, оқу ғимаратынан бөлек Күн физикасы
ғылыми-зерттеу зертханасы, Ақпараттық-ресурстық орталық және 400 орындық
студенттер жатақханасы салынды.
Жаңа кешеннің салтанатты ашылу
рәсіміне Бұхара облысының әкімі Ботир Зарипов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат
агенттігінің директоры, сенатор Абдусаид Кучимов, «Янги Ўзбекистон» және
«Правда Востока» газеттерінің бас редакторы, Өзбекстанға еңбегі сіңген
журналист Салим Донияров, республикалық және облыстық деңгейдегі қонақтар,
мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшылары, ардагер ұстаздар,
профессор-оқытушылар және студент-жастар қатысты.
Іс-шараны ашқан Ботир Зарипов
елде білім мен ғылымға назар аударып жатқанына, жастар үшін жасалған
мүмкіндіктерге және Бұхара мемлекеттік университетіндегі құрылыс-жасампаздық
жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі іс-шара тек жаңа оқу
жылының басталуы ғана емес. Бұл — жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер есігінің
ашылып жатқаны, білім мен ғылымға көңіл аударғанының тағы бір нақты көрінісі,
Бұхараның білім беру жүйесінің дамуындағы маңызды қадам», — деді облыс әкімі.
Жаңа кешенде мыңдаған студенттер
үшін заманауи аудиториялар, цифрлық және инновациялық білім беру ортасы
жасалған. Бұл жағдайлар жастардың сапалы білім алуына, ғылыми-зерттеу және
шығармашылық ізденістер жүргізуіне жаңа мүмкіндіктер береді.
Университеттің бүгінгі жобасымен
жұмыстар шектелмейді. Президенттің бастамасымен 30,2 гектар аумақта Бұхара
мемлекеттік университетінің жаңа заманауи кампусы салынып жатыр.
Жаңа кампус құрамында 20 мың
орындық оқу ғимараттары мен 5400 орындық студенттер жатақханаларының құрылысы
жоспарланған.
Бұл ірі жоба университеттің білім
беру және ғылыми әлеуетін кеңейтуге, студенттер үшін заманауи әрі қолайлы орта
қалыптастыруға, сонымен бірге Бұхараны елдегі заманауи білім және ғылым
орталықтарының бірі ретінде дамытуға қызмет етеді деп күтілуде.
Іс-шарада Бұхара мемлекеттік
университетінің ректоры, профессор Обиджон Хамидов университет ұжымын және
студент жастарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Ол әсіресе, бірінші курс
студенттерін «Бұхара мемлекеттік университетінің студенті» деген мәртебелі
атаққа ие болуымен құттықтап, жастарға жасалған мүмкіндіктерді тиімді
пайдалануға, терең білім алуға, ғылыми және шығармашылық ізденістерге белсенді
қатысуға шақырды.
Ал «Янги Ўзбекистон» және «Правда Востока» газеттерінің бас редакторы, Өзбекстанға еңбегі сіңген журналист Салим Донияров жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруды, терең білім мен кең дүниетанымға ие болуды және Отан тағдырына деген жауапкершілік сезімімен өмір сүретін кемел мамандар болып қалыптасудың маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, бүгінгі
студент тек өз мамандығын жақсы білетін маман ғана емес, сонымен қатар қоғам
өміріне белсенді қатысатын, заманауи ақпараттық ортада өз орнын таба алатын
және елдің дамуына үлес қоса алатын маман болып қалыптасуы керек.
Кездесуде жаңа оқу жылында білім сапасын
арттыру, ғылыми қызметті дамыту, сондай-ақ студенттердің заманауи білім мен
кәсіби дағдыларды меңгеруі үшін жағдайларды одан әрі кеңейту басым міндеттердің
бірі екені де айтылды.
Салтанатты рәсімде жаңа оқу ғимаратының ашылу рәсімі өткізіліп, құрметті
қонақтар қызыл лентаны қиды. Университет ұжымына жаңа ғимараттың кілті
салтанатты түрде табысталды.
Іс-шараға қатысушылар жаңа оқу ғимаратымен және университетте салынған
заманауи инфрақұрылым нысандарымен танысты.