Бизнес және
кәсіпкерлік жоғары мектебі, Сырдария
облысының әкімдігі және «Wildberries» халықаралық электронды коммерциялық
платформасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен семинар жергілікті
кәсіпкерлерді электронды коммерциялық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға
жұмылдыру, ұлттық өнімдерді ішкі және сыртқы базарға шығаруға, сондай-ақ шағын
және орта бизнес субъектілерінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталды.
Семинарда атап өтілгендей, Сырдария облысында
кәсіпкерлік субъектілерінің санының артып келе жатқаны оларды заманауи сауда
құралдарына үйрету және цифрлық арналарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді
өзекті міндеттердің біріне айналдырып отыр.
Атап айтқанда, жаңадан құрылып жатқан кәсіпкерлік
субъектілерінің цифрлық сауда мүмкіндіктерін пайдалануы олардың базарда өз орнын тезірек табуына ықпал етеді.
Ресми статистикалық мәліметтерде Сырдария облысында жаңадан құрылған
кәсіпкерлік субъектілерінің саны да тұрақты түрде өсіп келе жатқаны көрсетілген.
Қазіргі таңда облыста 10,6 мыңнан астам белсенді
кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың ішінде 2,7 мыңға жуық шағын
кәсіпкерлік субъектісінің Өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жатқаны қуанарлық
жайт. Ақпарат және байланыс саласында қызмет көрсететін шағын кәсіпкерлік
субъектілерінің саны да 220-дан асты. Бұл көрсеткіштер аумақта
кәсіпкерлікпен қатар цифрлық экономика мен заманауи бизнес қызметтеріне деген
сұраныстың да артып келе жатқанын көрсетеді.
Облыста өндірілетін өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы,
азық-түлік, тоқымашылық, былғары және аяқ киім өнімдерін, қолөнер бұйымдарын
және басқа да тауарларды электрондық сауда платформалары арқылы кең көлемдегі
тұтынушыларға ұсынудың маңызы зор. Бұл арқылы жергілікті кәсіпкерлер өз
өнімдерін тек облыс және республика базарларында ғана емес, шетелдік сатып
алушылар арасында да таныстыруға мүмкіндік болады.
Іс-шара барысында қатысушыларға электрондық сауда
платформаларында жұмыс істеудің іс жүзіндік қырлары бойынша жан-жақты ақпарат
берілді. Атап айтқанда, онлайн дүкен ашу, өнімдерді электрондық платформаға
орналастыру, өнім карточкасын қалыптастыру, сатып алушыларды іздеу және олармен
байланыс орнату, тапсырыстарды қабылдау және жеткізу, логистика мен төлем
жүйелерін пайдалану бойынша практикалық білім мен дағдылар ұсынылды.
Семинарда түрлі бағытта қызмет атқаратын кәсіпкерлер
үшін электрондық сауданы дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Кәсіпкерлік және бизнес жоғары мектебінің аумақтарда осы бағытта практикалық
семинарлар ұйымдастырудағы негізгі мақсаты да — кәсіпкерлерді электронды
коммерциялық құралдарын
тиімді пайдалануға үйрету, олардың цифрлық дағдыларын арттыру және заманауи базар талаптарына бейімделуіне көмектесу.
Семинар барысында электрондық дүкен ұйымдастырудан
бастап, өнімді орналастыру, тапсырыстарды қабылдау, логистика және төлем
үдерістерін жолға қоюға дейінгі барлық кезеңдер практикалық мысалдар негізінде
түсіндірілді.
Электрондық коммерцияның тағы бір маңызды бағыты — логистика
мен жеткізу қызметтерін дамыту. Сырдария облысында тасымалдау және сақтау
қызметтері саласында 600-ден астам кәсіпкерлік субъектісінің жұмыс
істеуі де электрондық сауда инфрақұрылымын дамыту үшін белгілі бір әлеуеттің
бар екенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта облыста 500-ге жуық қолөнерші
қызмет атқарады. Олардың өнімдерін электрондық сауда платформалары арқылы ішкі
және сыртқы нарықтарға шығару қолөнершілер үшін жаңа сатып алушылар табуға,
сауда көлемін арттыруға және өз өнімдерін кеңінен насихаттауға маңызды
мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алғанда, аталған семинар кәсіпкерлерге
электрондық сауда платформаларында жұмыс істеуді үйретіп қана қоймай, өңірдегі өндіріс,
сауда, логистика және цифрлық қызметтерді өзара байланыстыру арқылы жаңа
бизнес-экожүйені қалыптастыруға да қызмет етеді.
Алишер Хажимуратов,
Министрлер Кабинеті жанындағы
Бизнес және кәсіпкерлік жоғары мектебінің
Сырдария облыстық аумақтық филиалының басшысы.