Іс-шараға өңірлердегі студиялардан бейнебайланыс арқылы 500-ден астам кәсіпкер, құрылысшы, жобалаушы, архитектор және урбанисттер қатысты.
Мемлекет басшысы барлық салалар мен өңірлерде жоғары экономикалық өсімге қол жеткізуде құрылыс саласының ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Талдауларға сәйкес, құрылысқа салынған әрбір 1 доллар экономикаға 2–3 доллар көлемінде нәтиже береді, ал салада ашылған бір жұмыс орны өзге салаларда тағы 5-ке дейін жұмыс орнының пайда болуына ықпал етеді.
Соңғы тоғыз жылда елде шамамен 10 мың жаңа құрылыс кәсіпорны іске қосылды. Айналымы 1 триллион сумнан асатын 20, ал 100 миллиард сумнан жоғары көрсеткішке жеткен 365 ірі компания қалыптасты. Жобалау ұйымдарының саны 2 мыңнан асып, олардың 650-ден астамы халықаралық сертификаттарға ие болды.
Осы кезеңде құрылыс саласында рұқсат беру кезеңдері 3 есеге, мерзімдері 4 есеге қысқартылды. 420 қала құрылысы нормалары мен ережелері біріктіріліп, ескілері жойылып, 140 жаңа норма мен қағида бекітілді.
Нәтижесінде кейінгі жылдары 210 миллион шаршы метр ғимараттар мен нысандар, 647 мың пәтерден тұратын 15 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй салынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2016 жылғы 30 трлн сумнан өткен жылы 314 трлн сумға жетті. Бүгінде құрылыс, құрылыс материалдары және онымен байланысты салаларда 3,5 миллион адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін жыл сайын 6,5 мың гектар жер, 600 мың шаршы метр нысандар саудаға шығарылып, шағын және орта бизнеске 140 трлн сум ресурс бөлініп отыр. Алайда жер мен несие мәселелері шешілгеніне қарамастан, кәсіпкерлер құрылыс бастау кезеңінде түрлі кедергілерге тап болып, бұл үдерістер айлап, тіпті жылдап созылаған жағдайлар айтылды.
Жиында урбанизация мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда ел халқы 38 миллионнан асып, урбанизация деңгейі 51 пайызға жеткен, шамамен 20 миллион адам қалаларда тұрады. Мемлекет басшысы урбанизация деңгейінің әрбір 1 пайызға артуы экономикаға кемінде 1 пайыз қосымша өсім әкелетінін, сондай-ақ инвестициялар ағыны, бизнес пен стартаптардың белсенділігі, еңбек өнімділігі де соған сәйкес өсетінін атап өтті. Сондықтан елде урбанизацияны тұрақты дамыту бойынша бірыңғай тәсіл қажет екені айтылды.
Бас жоспарларды әзірлеуге жыл сайын бюджеттен 200–250 млрд сум бөлініп отыр. Бұл қаражат, ең алдымен, бас жоспары жоқ немесе ескірген аумақтарға бағытталуы тиіс. Қазіргі уақытта шағын қалалар мен кенттерде де ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті кәсіпкерлер көп, алайда қала құрылысы құжаттарының жоқтығынан олардың жұмыстары тоқтап тұр.
Облыс әкімдері мен Урбанизация комитетіне биылдың өзінде 6 қала мен 44 кент бойынша бас жоспарларды, 104 ауыл бойынша мастер-жоспарларды аяқтау, сондай-ақ бастамашыл кәсіпкерлермен бірге тағы 50 елді мекенге арналған қала құрылысы құжаттарын әзірлеуді бастау тапсырылды.
Отырыста бас жоспардың жоқтығынан 2025 жылы жерді жекешелендіру бойынша 112 мың өтініштің 14 пайызы кері қайтарылғаны айтылды. Бұл 4 мың гектар жерді экономикалық айналымға енгізу мүмкіндігін жіберіп алуға және бюджетке қосымша 550 млрд сум кірістің түспеуіне себеп болған. Осыған байланысты үш ай ішінде жерді жекешелендіру өтініштеріне адам факторысыз, 5–10 минут ішінде онлайн жауап беретін жүйеге көшу тапсырылды.
Сондай-ақ, бас жоспарларды тек бекітумен шектелмей, онда көрсетілген инфрақұрылым – су, кәріз, жылу, газ, электр желілері мен жолдардың қашан және қандай қаржы көздері есебінен салынатынын нақтылау қажеттігі айтылды. Әрбір бекітілген бас жоспар бойынша оны жүзеге асырудың жыл сайынғы кешенді бағдарламалары әзірленіп, халыққа, кәсіпкерлерге және жауапты тұлғаларға жеткізілуі тиіс екені атап өтілді.
Осыған байланысты, әрбір облыс әкіміне екі ай ішінде облыс және аудан орталықтарының бекітілген бас жоспарларын іске асыруға арналған кешенді бағдарламалар әзірлеу жүктелді. Бұл бағдарламаларда шаралардың қай бөлігі республикалық және жергілікті бюджеттен, ал қай бөлігі халықаралық қаржы ұйымдары есебінен қаржыландырылатыны нақты белгіленуі тиіс екені айтылды.
Жер мен нысандарды экономикалық айналымға тарту бағытында да елеулі кемшіліктер бар екені сөз болды. Соңғы төрт жылда аукцион арқылы сатылған 11,5 мың гектар жердің 3 мың гектарында құрылыс басталмаған. Сонымен қатар, аукционға шығарылған 582 гектар жер учаскесі мен 122 мемлекеттік нысан бір жылдан бері сатылмай тұрғаны атап өтілді.
Жекешелендіру бағдарламасын қалыптастыруда және нысандарды сатуда әкімдердің рөлі жеткіліксіз екені, кәсіпкерлердің пікірі алдын ала ескерілмейтіні сынға алынды. Әрбір нысанды сату кезінде ең алдымен өңірге инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу басты назарда болуы тиіс екені айтылды.
Осыған байланысты енді жекешелендіру бағдарламасына нысандарды енгізу, оларды сату және инвестициялық тиімділікті қамтамасыз ету барысында әкімдер Мемлекеттік активтер агенттігімен тең жауапты болады. Сондай-ақ, бөліп төлеу шартымен сатылған нысандар бойынша қалдық сомаға жыл сайын 14 пайыз үстеме есептеу тәжірибесі жойылады.
Жиында құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету мәселесі де қаралды. Өткен жылы құрылысқа қатысты 2,6 миллионнан астам өтініштің үштен бірі кері қайтарылған, бұл көбіне сыбайлас жемқорлық пен артық бюрократиялық кедергілермен байланысты екені айтылды. Мемлекет басшысы мұндай проблемаларды шешудің ең тиімді жолы – цифрландыру мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу екенін атап өтті.
Қазіргі жүйеде азаматтар мен кәсіпкерлер жобалауға рұқсат алу және архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу үшін бөлек-бөлек өтініш беріп, айлап уақыт жоғалтып отыр. Ташкент қаласында бұл екі қызметті бір кезеңде қарастыру тәжірибесі енгізіліп, нәтижесінде құжаттарды келісу мерзімі 3–4 есеге қысқарған. Бұл тәжірибені 1 шілдеден бастап барлық өңірлерде енгізу тапсырылды.
Коммуналдық желілерге қосылу үшін техникалық шарт алу барысында да азаматтар әр мекемеге жеке жүгінуге мәжбүр. Енді 1 шілдеден бастап бір өтініш және бір төлем арқылы электр, газ, су және кәріз желілеріне техникалық шарт алу мүмкіндігі жасалады.
Сондай-ақ, жергілікті жерлерде қала құрылысы кеңесіне мүше 26 мекеме арасында үйлесімді жұмыс жоқ екені айтылып, енді бұл кеңестерге облыс және қала әкімдері тікелей жетекшілік ететіні, кәсіпкерлер мәселесіне түпкілікті шешім қабылдайтын жүйе енгізілетін болады.
Жауапты тұлғаларға үш ай ішінде құрылысқа рұқсат алудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерістерді қайта қарап, талаптар, мерзімдер мен төлемдерді кемінде екі есе қысқарту бойынша ұсыныс енгізу тапсырылды.
Құрылыс сапасы мен бақылау мәселелері де сынға алынды. Өткен жылы құрылыс нысандарында жобалаушылар мен тапсырыс берушілер тарапынан 42 мың, ал инспекция тарапынан 250 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Бұл жобалаушылар мен тапсырыс берушілердің авторлық және техникалық бақылауға деген жауапкершілігінің төмендігін көрсетеді.
Осыған байланысты биылғы 1 маусымнан бастап мемлекеттік тапсырыс берушілер қызметі KPI жүйесі арқылы бағаланып, қызметкерлердің жалақысы 3 есеге арттырылмақ. Жобалық құжаттарға нысан құнының 5 пайызына дейін қаржы бөлініп, авторлық бақылау үшін бөлек келісімшарт арқылы төлем жасалады. Енді өрескел заңбұзушылық анықталған жағдайда мердігермен қатар бақылаушылар да жауапқа тартылады, ал жобалаушының «Шаффоф қурилиш» жүйесіндегі рейтингі төмендетіледі.
Жиында халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға да қаралды. Қазіргі уақытта бұл бағытта 20 млрд доллардан астам жоба іске асырылуда.
Сонымен бірге, жауапты органдардың халықаралық ұйымдармен келіссөздер барысында жергілікті құрылысшылардың мүддесін жеткілікті деңгейде қорғамай отырғаны сынға алынды.
Халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қамтамасыз ету мәселесі үнемі назарда болуы тиіс екені айтылды. Соңғы жылдары 56 «Жаңа Өзбекстан» массивінің инфрақұрылымына 4,1 трлн сум бөлінсе, биыл бұл мақсатқа тағы 1,4 трлн сум бағытталып отыр.
Сала мамандары және әкімдерге биыл осы массивтерде 34 мың пәтерді аяқтау міндеті жүктелді. Құрылысы жүріп жатқан аумақтарды кеңейту тек сол жердегі пәтерлердің кемінде 85 пайызы иелеріне тапсырылғаннан кейін ғана рұқсат етіледі.
Жалпы, биыл өңірлерде 140 мың пәтерлі көпқабатты үйлерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл ретте реновацияға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Сала үшін кадр даярлау және креативті ортаны дамыту мәселелері де көтерілді. Ташкент қаласында архитектор, жобалаушы мен урбанистерге арналған алғашқы креатив парк ашу, кейін мұндай орталықтарды өңірлерде де ашу тапсырылды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап урбанистика, кадастр және геодезия салалары бойынша мамандар даярлайтын, өзін-өзі қаржыландыратын жоғары оқу орны ашылады. Оның құрамында орта буын мамандарын даярлайтын техникум да болады.
Жиналыс соңында Мемлекет басшысы сала мен өңір басшыларының баяндамаларын тыңдап, құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын қарады.