Соңғы кездері әлеуметтік желілер мен ресми интернет-басылымдарда осындай жұрттың назарын аударатын, даулы әрі шу тудыратын оқиғалар туралы материалдар көбейіп кеткендей. Тіпті әдепке жат, ұятты  бейнежазбалар да жиі кездеседі.
Мемлекеттік және беймемлекеттік  интернет-басылым өкілдерінің осындай мазмұндағы ақпараттарды дайындап, жариялауға құмарлығының себебі неде?! Бұған жауап ретінде мынаны айтуға болады: әрине, редакциялар ең алдымен өз оқырмандарын сақтап қалуға және олардың қатарын көбейтуге, жарияланған материалдардың қаралым санын арттыру арқылы көпшілік назарын аударуға, ұжымының беделін көтеруге, былайша айтқанда, ұлттық медиа кеңістіктегі өз орнын нығайтуға, сонымен қатар коммерциялық материалдарды көбірек тартуға ұмтылады. Дәл осы мақсаттар  шау- шулы материалдардың әлеуметтік желілерге жариялануының басты себептерінің бірі деп ойлаймыз.
Шын мәнінде, журналист қоғамдағы адамдардың қалауы мен қызығушылығына ғана сүйеніп материал дайындамауы керек. Ол оқиға мен құбылыстың маңыздылығын ескере отырып, үдерісті әділ әрі шынайы түрде, қалай болса, сол қалпында (журналистика жанрларының талаптарына сай) көрсетуі тиіс.
Орайы келгенде атап өткен жөн, қолданыстағы Өзбекстан журналистерінің кәсіби әдеп кодексінде журналистің материалдары қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс екені белгіленген.
Осы тұрғыдан алғанда, ресми веб-сайттарда, Telegram арналарында, Facebook сияқты әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарияланып жатқан жоғарыда аталған мазмұндағы ақпараттар жастардың, жалпы халықтың көңіл күйі мен психологиясына қалай әсер етеді? Осы сұрағымызға белгілі психолог Шоира Исақова былай деп жауап берді:

— Бүгінде жахандық кеңістік пен әлеуметтік желілердегі ақпараттар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Есте ұстауымыз керек, кез келген ақпарат адамның психикасына бірдей әсер етпейді. Өкінішке қарай, соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат көздерінде кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, жанжал мен қайғылы оқиғалар туралы шулы жаңалықтар көбейіп барады. Мұндай тәсілмен жазатын басылымдардың басты мақсаты – шу шығару арқылы өз рейтингін көтеру екені ешкімге құпия емес. Осындай жағымсыз мәтіндер мен ақпараттар ересектердің ғана емес, балаларымыздың да санасы мен жүрегіне әсер етуде. Ең қауіптісі – балалар мен жасөспірімдер өмірді дәл осы ақпараттар арқылы қабылдай бастайды. Соның салдарынан оларда үрей, қорқыныш, сенімсіздік, агрессия немесе күйзеліске түсу сияқты жағдайлар пайда болуы мүмкін. Баланың жан дүниесі өте нәзік. Ол нені көп көрсе, нені көп естісе, оның дүниетанымы да соған қарай қалыптасады. Мен ата-аналарға әрдайым бір нәрсені айтамын: балаңыздың денесіне қандай тағам беріп жатқаныңызға мән бергендей, оның санасына қандай ақпарат еніп жатқанына да дәл сондай жауапкершілікпен қараңыз. Өйткені адамды күн сайын оқып жүрген, естіп жүрген және көріп жүрген ақпарат тәрбиелейді, қалыптастырады.
нафақат катталарнинг, балки фарзандларимизнинг ҳам онги ва қалбига таъсир қилмоқда.

Ақпаратты таңдау мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Ата-аналар балаларымен дастарқан басында көбірек әңгімелесіп, олардың сезімдерін тыңдап, интернетте нені қарап жүргеніне бейжай қарамауы тиіс. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары, журналистер мен блогерлер де өз жауапкершілігін сезініп, орынсыз ақпарат таратудан аулақ болуы қажет. Ақпараттың негізгі міндеті – шоу-шу шығару немесе адамдарды қорқыту емес, халықты жаңалықтармен, маңызды оқиғалармен хабардар ету, оларды дұрыс ойлауға жетелеу, қажет кезінде қауіп-қатерден сақтандыру, сондай-ақ қоғамда ізгілік, мейірім мен сенім атмосферасын нығайту.
Бір нәрсені ұмытпауымыз керек: біз қандай ақпаратты көбірек таратсақ, ертеңгі қоғам да соған ұқсап қалыптасады. Сондықтан әрбір ақпаратты дайындаушы мен таратушы осыны терең сезініп, өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Х. Салимов