Елімізде дәстүрге айналған бұл диалог кәсіпкерлерді алаңдатып отырған өзекті мәселелерді тікелей зерделеу, оларға практикалық шешімдер табу және іскерлік ортаны одан әрі жақсартуда маңызды рөл атқарып келеді.
Алтыншы ашық диалогқа жан-жақты дайындық жүргізу мақсатында 15 мамырдан бастап 50-ден астам министрлік пен ведомство өкілдерінен құралған республикалық штаб құрылды. Штаб тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Колл-орталық пен ресми боттар арқылы кәсіпкерлерден 6 мыңға жуық өтініш түскен. Оның 4,2 мыңнан астамы оң шешімін тапса, 1,8 мыңға жуығы әлі қаралу үстінде.
Дайындық аясында жауапты ұйымдар 750-ден астам кездесу өткізіп, оған 8,8 мыңнан астам кәсіпкер қатысты. Кездесулер барысында 3,5 мыңнан астам ұсыныс пен мәселе көтерілді.
Бизнес-омбудсман мен Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған 130-дан астам кездесуге 5,7 мыңнан астам кәсіпкер қатысып, 1,5 мыңға жуық мәселе көтерді. Анықталған проблемаларды түбегейлі шешу және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті министрліктер мен ведомстволармен бірлесіп ұсыныстар әзірленуде.
Сонымен қатар республика бойынша 5 072 кәсіпкер арасында сауалнама жүргізілді. Оның барысында кәсіпорындардың тиімділігі, инвестиция және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендіру, сыртқы сауда және сот-құқық салаларындағы мәселелер зерделенді.
Сауалнамаға қатысушылардың 93 пайызын жергілікті жеке кәсіпорындар құрады. Зерттеу барысында сауда, қызмет көрсету, өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салалары қамтылды.
Талдау нәтижелері кәсіпорындарда еңбек өнімділігін арттыру және өзіндік құнды төмендету бойынша әлі де айтарлықтай мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. Цифрлық платформаларды, жасанды интеллектіні, энергия үнемдейтін технологияларды, жаңа өнімдер мен өндіріс тәсілдерін енгізген кәсіпорындарда сату көлемі, бәсекеге қабілеттілік, жалақы және инвестиция көрсеткіштері жоғары болып отыр.
Атап айтқанда, тиімділікті арттырудың кемінде үш шарасын енгізген кәсіпорындарда өзіндік құнды төмендету ықтималдығы 4,1 есе, ал жалақыны жоғары қарқынмен арттыру мүмкіндігі 2,1 есе жоғары. Алайда мұндай шараларды үш және одан да көп бағытта қолданып отырған кәсіпорындардың үлесі небәрі 11,6 пайызды құрайды. Ал кәсіпорындардың 28,5 пайызы бұл бағытта ешқандай шара қабылдамаған.
Кәсіпорындардың 51 пайызында соңғы кезеңде жаңа өнім, қызмет немесе инновация енгізілмеген, жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Кәсіпорындардың 40 пайызы соңғы бір жылда мүлдем инвестиция салмаған, ал 29 пайызында алдағы бір жылға да мұндай жоспар жоқ. Несие мөлшерлемелерінің жоғары болуы, кепіл мүлкінің төмен бағалануы, құжаттардың көптігі және несиені рәсімдеу мерзімдерінің ұзақтығы негізгі кедергілер ретінде көрсетілген.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, кәсіпорындардың 38 пайызы өзіндік құнды төмендету бойынша ешқандай шара қабылдамаған. 53 пайызында өнімдер мен қызметтердің өзіндік құны өскен. Бұған негізінен шикізат бағасының, энергия және логистика шығындарының артуы себеп болып отыр. Сонымен қатар кәсіпорындардың 43 пайызы энергияны үнемдеу шараларын қабылдамаған, ал 49 пайызы жаңартылатын энергия көздерін пайдаланбайды.
Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де кәсіпкерлерді алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер электр энергиясының жиі үзілуі, кернеу мен қысымның төмендігі, лимиттер және тарифтерге қатысты мәселелерді атап өткен.
Сауалнамаға қатысушылар салықтық әкімшілендіру саласында маңызды реформалар жүзеге асырылғанын атап өте отырып, тексерулер жүргізу және қосылған құн салығын қайтару үдерістеріндегі бірқатар мәселелерді де көрсеткен. Сонымен бірге кәсіпкерлердің 94 пайызы тұрақтылық рейтингі жүйесінің өз қызметіне ықпалын жоғары бағалаған.
Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 22,3 пайызы сыртқы саудамен айналысады. Шетелдік клиенттер табу, өнімді сертификаттау, логистика, қаржылық құралдар, кеден рәсімдері, нарық туралы ақпарат пен маркетинг дағдыларының жеткіліксіздігі экспорттағы негізгі кедергілер ретінде көрсетілген.
Сот-құқық саласында білікті заң көмегін алу мүмкіндігі мен мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы оң бағаланған. Сонымен бірге кәсіпкерлердің 73 пайызы мәжбүрлеп орындату саласындағы бюрократиялық үдерістер бизнестің дамуына кері әсер етіп отырғанын айтқан.
Мемлекет басшысы келіп түскен өтініштер мен сауалнама нәтижелерін өңірлер мен салалар бөлінісінде терең талдап, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі мәселелер бойынша нақты шешімдер әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Кәсіпорындардың тиімділігін арттыру, инновациялар мен энергия үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу, несие және инфрақұрылым мәселелерін шешу, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, экспорттаушыларды қолдау және кәсіпкерлердің құқықтық қорғалуын күшейту бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Ашық диалог барысында көтерілетін әрбір мәселе бойынша нақты шешім, оны іске асыру тетігі, жауапты тұлғалар мен мерзімдер белгілеу қажеттігі жөнінде тапсырма берілді.