Өмірінде бірде-бір рет қан талдауын тапсырмаған адам жоқ шығар. Ал қан тапсыру үшін аш қарын болу қажет дегенді естігендер көп. Көбіне тамақтан бас тарту қажет болатын уақыт аралығын да айтады. Бұл шамамен 8–12 сағатты құрайды. Әдетте, бұл талдауды таңертең немесе түнде тапсыру керек дегенді білдіреді. Өйткені ұйықтап жатқанда тамақ жемейміз ғой!?

Қан талдауы ағзада қандай да бір патологиялық үдерістердің жүріп жатқанын алдын ала түсінуге көмектеседі. Алайда қан көрсеткіштері патологияны емес, зат алмасудағы уақытша өзгерістерді де көрсетуі мүмкін. Бұл туралы nkj.ru сайтында жазылған.

Мұндай өзгерістер, ең алдымен, тамақтануға байланысты болады. Осы тұрғыдан алғанда, қан талдауын неліктен аш қарынға тапсыруды сұрайтыны түсінікті. Бірақ барлық қан көрсеткіштері тамақтануға байланысты өзгере ме? Егер глюкоза, холестерин және майлар — триглицеридтер деңгейі туралы айтатын болсақ, олардың тамақтанғаннан кейін шынымен де жоғарылайтыны түрлі зерттеулерде расталған.

Алайда қан тек көмірсу немесе липид алмасуын бағалау үшін ғана тапсырылмайды. Қанда иммундық жасушалар мен тромбоциттер саны есептеледі, гемоглобин мен бауыр ферменттерінің белсенділігі өлшенеді, микроэлементтердің мөлшері, электролиттер деңгейі және басқа да көрсеткіштер бағаланады.

Ульсан университетінің және Оңтүстік Кореядағы басқа да ғылыми орталықтардың қызметкерлері елдегі 670 ауруханада 100 мыңнан астам адамнан алынған қанның 10 миллионға жуық түрлі талдауын зерттеген. Сандарға қарап, пациенттердің бірнеше рет қан тапсырғанын болжауға болады. Бұл бір адамдардың әртүрлі уақытта алынған талдау нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, бір адамның әртүрлі жағдайларда қан тапсырған кездері болған: бірде әдеттегідей, яғни 8–12 сағат аш жүргеннен кейін, бірде 12 сағаттан артық, ал кейде 8 сағаттан аз уақыт тамақ ішпегеннен кейін.

Зерттеушілер статистикалық әдістерді пайдалана отырып, аш жүру ұзақтығының қан талдауларына, дәлірек айтқанда, әрқайсысы белгілі бір қосылыстың немесе көрсеткіштің деңгейін бағалайтын 121 түрлі талдауға қалай әсер ететінін анықтағысы келген.

JAMA Internal Medicine журналында жарияланған мақалада айтылғандай, тек он талдау ғана аш жүру ұзақтығына сезімтал болған. Олардың арасында, күткендей, глюкоза талдауы да бар еді.

Егер адам зертханаға келерден 8 сағат бұрын тамақтанған болса, оның қандағы глюкоза деңгейі орта есеппен 10,8 пайызға жоғарылаған. Сондай-ақ мұндай жағдайда май-триглицеридтердің мөлшері 20,1 пайызға, осы триглицеридтерді ыдырататын ас қорыту ферменті — липаза деңгейі 36,4 пайызға, ал аминқышқылдарының алмасуына қатысатын гамма-глутамилтрансфераза ферментінің деңгейі 14,8 пайызға артқан.

Ал ұзақ уақыт аш жүрудің, яғни 12 сағаттан артық тамақ ішпеудің қан талдауларының дәлдігіне ешқандай әсері анықталмаған.

Қан талдауын аш қарынға тапсыру қажеттілігі оны тапсыратын адамдарға да, талдауды жүргізетін мамандарға да белгілі бір қолайсыздықтар туғызады. Өзіңіз түсінгендей, медициналық зертханалардың қызметкерлері таңертеңнен бастап өте көп жұмыс істейді.

Бәлкім, дәрігерлер жолдама берген кезде ұзақ уақыт тамақ ішпеуді талап ететін талдаулар мен мұндай үзілісті қажет етпейтін талдауларды ажыратып көрсеткені дұрыс шығар. Айта кету керек, кейбір медициналық мекемелерде дәл осындай тәсіл қолданылады.