Маями университеті Бизнес мектебі мамандарының зерттеуі бойынша смартфон арқылы сауда жасау адамдарда өз таңдауы туралы жеткілікті ойланып үлгермегендей сезім тудыруы мүмкін екенін көрсетті. Сонымен қатар, шын мәнінде олардың қабылдаған шешімдерінің сапасы компьютер арқылы жасалған таңдаудан еш кем емесі деп хабарлады vokrugsveta.ru.
Зерттеушілер мобильді саудадағы сатып алуды аяқтау көрсеткіштерінің айырмашылығын зерттеді. Адамдар смартфон арқылы тауарларды көбірек іздейді және ұсыныстарды жиі салыстырады. Алайда дәл осы құрылғылар арқылы сатып алуды сирек аяқтайды. Мұның себебін анықтау үшін ғалымдар алдын ала зерттеу жүргізіп, тоғыз тәжірибе жасады. Сондай-ақ нақты сауда деректерін талдап, дала тәжірибесін ұйымдастырды.
Белгілі болғандай, смартфон пайдаланушылары өз шешімдерінің дұрыстығына жиі күмәнданатыны анықталды. Олар тауарды компьютер арқылы сатып алған кездегіден гөрі смартфонмен жасаған таңдауы сапасыз болады деп ойлайды. Алайда тәжірибелер мұның керісінше екенін көрсетті: қатысушылар тауарларды бағалау тапсырмаларын екі құрылғыда да бірдей жақсы орындаған.
Зерттеушілер мұны адамдардың қалыптасқан әдеттерімен түсіндіреді. Атап айтқанда, шағын экран тауарлардың сипаттамаларын салыстыруға қолайсыз болып көрінуі мүмкін. Сонымен қатар құрылғылардың өзі адамдарда әртүрлі түсінік қалыптастырады. Мысалы, компьютер көбінесе жұмыс істеу және маңызды міндеттерді орындау құралы ретінде қабылданса, смартфон жолда жүргенде ойын-сауық үшін пайдаланылатын құрылғы ретінде қарастырылады. Осындай түсініктер адамның өз таңдауына жеткілікті көңіл бөлмегендей сезінуіне себеп болады.
Мұндай күмән сатып алушыны сауданы кейінге қалдыруға, компьютерге ауысуға немесе тауарды сатып алудан мүлдем бас тартуға итермелеуі мүмкін. Ал ұзақ ойлануды қажет етпейтін күнделікті және үйреншікті тауарларды сатып алғанда бұл әсер әлдеқайда әлсіз болады.
Сатып алушыларға шешім қабылдауға қалай көмектесуге болады?
Ғалымдар сатып алушылардың күмәні мен алаңдаушылығын азайтуға болатынын тексеріп көрді. Бір тәжірибе барысында интернет-дүкен жаңалықтарына жазылуға арналған жарнамаға «Ойланып отырмаңыз!» деген тіркес қосылды. Нәтижесінде смартфон пайдаланушылары жазылу парақшасына шамамен 44 пайызға жиі өте бастаған. Ал компьютер пайдаланушыларына бұл сөздердің ешқандай әсері болмаған.
Тағы бір тәжірибе сыйлықтар сататын интернет-дүкенде жүргізілді. Онда клиенттерге өздеріне лайықты сыйлықты таңдауға көмектесетін жеке қызмет ұсынылды. Соның нәтижесінде смартфон мен компьютер арқылы жасалған сатып алулар саны арасындағы айырмашылық жартысынан астамға қысқарған.
Зерттеу авторларының пікірінше, интернет-дүкендер үшін сайттың мобильді нұсқасын жылдам әрі ыңғайлы ету жеткіліксіз. Сатып алушыларға тауарларды түсінікті түрде салыстыру мүмкіндігін ұсыну, қысқаша сипаттамалар беру және әртүрлі нұсқаларды бағалауға арналған құралдармен қамтамасыз ету де маңызды.
Ал тұтынушыларға ғалымдар шешімін жеткілікті түрде ойластырмағандай сезімді таңдаудың нақты сапасымен шатастырмауға кеңес береді. Кейде смартфон барлық нәрсені дұрыс жасағанымыздың өзінде өз таңдауымызға күмәндануға мәжбүр етеді.