Жаңа технологиялар Хунань облысының Чанша қаласында өткен жасанды серік деректерін пайдаланушылар конференциясында таныстырылды. Олар Қытайдың «Фэнъюнь» метеорологиялық жасанды серіктерінен алынған мәліметтер негізінде әзірленген, деп хабарлайды Kazinform.

Ұсынылған жүйелердің бірі тайфундарды талдауға арналған. Ол дауылдың орналасқан жерін, құрылымын, қарқындылығын және өзгерістерін автоматты түрде анықтайды. Жасанды интеллект моделі тайфунның жеті сипаттамасын анықтап, нәтижелерді әр 15 минут сайын жаңартып отырады. Ал талдау қорытындысын мәтін түрінде небәрі 27 секундта дайындайды.

Екінші жүйе найзағай, қатты жел және нөсер жаңбырмен қатар жүретін күшті конвективті ауа райы құбылыстарын қысқа мерзімде болжауға арналған.

Ол үшін жүйе «Фэнъюнь-4» жасанды серігінің соңғы екі сағаттағы үздіксіз бақылау деректерін пайдаланады. Жасанды интеллект бұлттардың алдағы өзгерістерін талдап, қауіпті ауа райы құбылыстары болуы ықтимал аймақтарды анықтайды. Осылайша, тұрғындарды қауіп туралы төрт сағат бұрын ескертуге мүмкіндік туады.

Қытай метеорология басқармасының мәліметінше, жаңа технологиялар жасанды серіктер арқылы жүргізілетін мониторингтің, сондай-ақ тайфундар мен басқа да қауіпті табиғи құбылыстар туралы ерте ескерту жүйесінің тиімділігін арттырады.

«Фэнъюнь» жасанды серіктері Қытайдың ұлттық метеорологиялық бақылау жүйесінің құрамына кіреді. Қазіргі уақытта осы сериядағы 10 аппарат орбитада жұмыс істеп тұр. Олардың деректерін 141 ел мен аумақ пайдалана алады.