Бұл — Syntrichia caninervis түріне жататын мүк. Оның үлгілері Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан Құрбантұңғыт шөлінен жиналған. Ғалымдар оны осы уақытқа дейін анықталған шөл жағдайларына ең төзімді өсімдік түрлерінің бірі деп санайды.

Зертханалық сынақтар мүктің жасушаларындағы ылғалдың 98 пайызын жоғалтқаннан кейін де қайта қалпына келе алатынын көрсетті. Сонымен қатар ол −196 °C суыққа және гамма-нұрланудың жоғары дозасына төтеп бере алады.

Мүк Қытайдың «Цинчжоу» жүк кемесі арқылы микрогравитация мен ғарыштық нұрлану жағдайында сынақтан өткізіліп, өзінің төзімділігін дәлелдеді. Орбитада кептірілген үлгілерге аздап су қосылғаннан кейін олар қайта қалпына келді, деп хабарлады Kazinform.

— Бұл — тұтас өсімдіктің Жердің төменгі орбитасына шығарылып, кейін қайта қалпына келтірілуінің алғашқы жағдайы, — деді Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтының зерттеушісі Ли Сяошуан.

Ғалымдардың пікірінше, мүктің қайта қалпына келу қабілеті терең ғарыштық зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Ал оның генетикалық материалы болашақта құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге және шөлейттенудің алдын алуға көмектесуі мүмкін.