7–10 қазан күндері өткен жарысқа 190-ға жуық елдің жоғары сынып оқушыларынан құралған ұлттық командалары қатысты. Биылғы сайыс «Инновацияларды жандандыру» тақырыбына арналды.
Қатысушылар орман өрттерінің алдын алу, олардың зардаптарын азайту және өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына арналған роботтарды жобалау мен басқару бойынша бақ сынады. Жарыс барысында командалар халықаралық альянстар құрамында бірлесіп жұмыс істеді.
Финалдық бәсекеде Венесуэла, Сальвадор, Өзбекстан және Молдова командалары бірлескен альянс құрамында жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.
Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Гонконг және Люксембург командалары қатысқан альянс күміс медальға, ал Қытай, Түрікменстан, Кайман аралдары және Түркия командалары қатысқан альянс қола медальға ие болды.
Сонымен қатар, Өзбекстан құрама командасы жарыстың FIRST Global Grand Challenge Award бас жүлдесін де жеңіп алды. Бұл марапат турнир барысында ең көп ұпай жинаған командаға беріледі. Қытай күміс, ал Мексика қола медаль иеленді.
Жарыстың басқа бағыттары бойынша да жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, Мексика FIRST Global International бағдарламасы аясындағы ең үздік нәтижелері үшін берілетін Альберт Эйнштейн атындағы марапатқа ие болды. Румыния күміс, ал Түркия қола медальмен марапатталды.
Сондай-ақ, орман өрттері проблемасына қатысты жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді әзірлеуге бағытталған Igniting Innovation New Technology Experience бағдарламасы аясында Кайман аралдары алтын, Молдова күміс, ал Словакия қола медаль жеңіп алды.
FIRST Global Challenge жарысы жастардың робототехника және инженерлік саласындағы білімдерін сынаумен қатар, түрлі елдердің оқушылары арасында халықаралық ынтымақтастық орнатуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында 2027 жылғы FIRST Global Challenge жарысы Испанияның Мадрид қаласында өтетіні жарияланды.