Бұл туралы Заң шығару палатасының ақпарат қызметі хабарлады.
Атап өтілгендей, соңғы жылдары елде әскери қызметшілерді, құқық қорғау және арнайы құрылымдардың қызметкерлерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдап-қуаттау, олардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Заң жобасы аталған санаттағы тұлғалар мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған. Құжатта мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық негіздерін белгілеу, зейнетақы тағайындау шарттары, түрлері, мөлшерлері мен тәртібін жетілдіру көзделген.
Атап айтқанда, 30 жылдан астам қызмет атқарған әскери қызметшілер үшін зейнетақының базалық мөлшерін анықтау кезінде есепке алынатын жалақы үлесін 75 пайыздан 100 пайызға дейін арттыру ұсынылуда. Сондай-ақ зейнетақыны есептеу кезінде қолданылатын базалық мөлшерді 10 еседен 12 есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Айтылғандай, бұл жеңілдіктер ұзақ жылдар бойы Отан қауіпсіздігі жолында қызмет еткен әскери қызметшілерді ынталандыруға, жастар арасында әскери мамандыққа қызығушылықты арттыруға және оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді.
Депутаттардың пікірінше, заң жобасының қабылдануы әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғаудың тиімділігін арттыруға, саладағы қатынастарды нақты реттеуге және құқық қолдану тәжірибесінде бірыңғай механизмдерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша заң жобасы депутаттар тарапынан бірінші оқылымда қабылданды.