Балық шаруашылығын дамыту орталығы осы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

Орталықтың хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын су бассейіндерінде тыйым салынбаған құралдар мен тәсілдерді пайдалана отырып, 5 келіге дейін балықты тегін аулауға рұқсат етілген. Бұл тәртіп жойылмайды. Яғни 5 келіге дейін балықты тегін аулау мүмкіндігі ақылы негізге көшірілмейді.

Сонымен қатар, 122-санды Жарлықтың 3-қосымшасының 4-пункітінде спорттық-әуесқойлық балық аулау және экотуризм үшін ұйымдастырылған қызметтерді бірыңғай жүйеге біріктіру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделген.

Осы жүйе арқылы спорттық-әуесқойлық балық аулауға жағдай жасаған шаруашылықтар өз қызметтерін ерікті түрде бірыңғай платформаға орналастыра алады.

Платформада су бассейіндері орналасқан мекенжайы, балық аулауға жасалған жағдайлар, қолжетімді қызметтер, бір күндік балық аулау құны, сондай-ақ бос орындар мен олардың брондалу жағдайы туралы ақпарат көрсетіледі.

Әуесқой балық аулаушы «Fishermen ID» жүйесі арқылы өзіне қолайлы аумақты таңдап, ондағы жағдайлар мен бағалармен таныса алады және бос орындарды алдын ала брондай алады.

Брондалған қызмет үшін төлем жасалғаннан кейін электронды QR-коды бар чек беріледі. Азамат осы чек негізінде белгіленген күні барып, ұйымдастырылған жағдайлар мен қызметтерді пайдалана алады.

Осылайша, аталған жүйенің енгізілуі жалпыға ортақ пайдаланылатын су  бассейндерінде балықты тегін аулау мүмкіндігін жоймайды және оны ақылы етуді көздемейді.

Жүйенің негізгі мақсаты — балық аулағысы келетін азаматтарға спорттық-әуесқойлық балық аулау және экотуризм үшін жасалған қолданыстағы қызметтер, олардың орналасқан жері, жағдайлары, бағалары және бос орындары туралы бірыңғай платформа арқылы ыңғайлы әрі ашық ақпарат алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.