Соңғы күндері елімізде байқалып отырған анамалды ыстық ауа райы электр энергиясын тұтынудың күрт артуына себеп болуда. Соның салдарынан электр желілері мен жабдықтары өте жоғары жүктемемен жұмыс істеуде.

Айта кету керек, шілде айының ортасында байқалған анамалды ыстыққа байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі де, өндіру көлемі де тарихи рекорд деңгейіне жетті.

Атап айтқанда, Өзбекстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінде жазғы маусымдағы тәуліктік электр энергиясын тұтыну көлемі 16 шілде күні 291 млн кВт·сағатты құрап, жаңа рекорд тіркелді. Бұл өткен жылғы жазғы маусымдағы ең жоғары көрсеткіштен 18,4 млн кВт·сағатқа немесе 6,7 пайызға артық.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 16 шілде күні тәуліктік электр энергиясын өндіру көлемі де 295,4 млн кВт·сағатты құрап, жаңа рекорд орнатты. Бұл 15 шілдеде тіркелген 291,4 млн кВт·сағаттық көрсеткіштен 4 млн кВт·сағатқа немесе 1,37 пайызға жоғары.

Анамалды ыстықтың әсерінен ашық аспан астында орналасқан электр жеткізу желілері мен жабдықтары қалыпты жұмыс температурасынан әлдеқайда жоғары деңгейде қызады. Бұған қоса, әсіресе күндізгі уақытта электр энергиясын тұтынудың күрт өсуі желілердегі жүктемені одан әрі күшейтеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, күннің қызуынан сыртынан қызған кабельдер мен жабдықтар бір мезгілде мыңдаған кондиционерлердің, тоңазытқыштардың, салқындату құрылғыларының және басқа да электр жабдықтарының жұмыс істеуі салдарынан ішінен де қызады. Бұл олардың істен шығуы немесе апатқа ұшырау қаупін арттырады.

Осындай жағдайда энергетикалық жүйеде ірі ақаулардың алдын алу мақсатында диспетчерлік қызметтер электр жеткізу желілеріндегі жүктемені азайту шараларын қабылдайды.

Атап айтқанда, кейбір электр жеткізу желілеріндегі жүктеме қауіпті деңгейге жақындағанда, жабдықтарды қорғау мақсатында жекелеген өңірлер қысқа мерзімге электр энергиясынан ажыратылуы мүмкін. Бұл электр құрылғыларының істен шығуының, жанып кетуінің және бірнеше күнге созылатын ірі апаттардың алдын алу үшін қажет шара болып табылады.

Электр желілерінде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жедел жою мақсатында аумақтарда тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы апаттық бригадалар құрылған. Олар туындаған ақауларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жоюға тырысады.

Сонымен қатар, энергетикалық жүйеде ауқымды апаттардың алдын алу мақсатында кейбір өңірлерде қысқа мерзімді мәжбүрлі шектеулер енгізу қазіргі жағдайда маңызды әрі қажетті шара болып саналады. Бұл уақытша қолайсыздықтар болашақта бұдан да ірі электр үзілістерінің алдын алуға қызмет етеді.

Кейбір аумақтарда электр жеткізу желілерінде шамадан тыс жүктеменің алдын алу мақсатында 2 сағаттық қысқа мерзімді мәжбүрлі шектеу енгізілді.

Атап айтқанда, Қашқадария облысының Көкдала және Шырақшы аудандарындағы 1750 тұтынушы, Жызақ облысының Шараф Рашидов және Замин аудандарындағы 1200 тұтынушы, Хорезм облысының Шоват, Гүрлен және Қошкөпір аудандарындағы 1300 тұтынушы, сондай-ақ Ташкент облысының Ташкент және Зенгіата аудандарындағы 1000 тұтынушы уақытша электр энергиясынан ажыратылды.

Аптап ыстық жағдайында кейбір желілерде туындаған ақаулар аумақтарда жұмыс істейтін арнайы бригадалардың күшімен жедел түрде жойылып жатыр.