Алматы – Самарқанд және Түркістан –Ташкент бағытында жаңа халықаралық рейс іске қосылады

    Көлік 3 Iyun 2021 1244

    Өзбекстан мен Қазақстан қалаларының арасында жаңадан екі халықаралық рейс іске қосылады.

    «ҚазАқпарат» агенттігінің мәліметінше, 8 маусымнан бастап Алматы мен Самарқанд қаласы арасында жаңа халықаралық тұрақты рейстер іске қосылады.

    Рейстер А-320/321 типті әуе кемелерінде «Эйр Астана» (аптаның 3,7 күндері) және «Uzbekistan Airways» (2,6 күндері) әуе компанияларының ұшағымен аптасына 4 мәрте рейс жасалады.

    Ал, Түркістан –Ташкент бағытындағы жаңа халықаралық рейс осы жылдың 21 маусымынан бастап жолға қойылады.

    Осы бағыттағы келісім ӨР Премьер-Министрі Абдулла Ариповтың Қазақстанға сапары аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ӨР Көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесу барысында талқыланған.

    «Кездесу барысында 2021 жылғы 21 маусымнан бастап Қазақстанның Fly Arystan әуе компаниясының «Түркістан-Ташкент» бағытында аптасына 2 рейспен (аптаның 1 және 4 күні) ұшатыны келісілді», - делінген хабарда.

    Рейстер екі елдің санитарлық-эпидемиологиялық шараларын қатаң сақтай отырып орындалады. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістаннан ұшатын рейстер санын одан әрі арттыру жоспарланған.

    Бұған дейін, 8 наурыздан бастап екі елдің арасында Ақтау - Үргеніш жаңа халықаралық рейсі іске қосылған еді.