Трамптың айтуынша, алдағы 2–3 апта ішінде Иранға күшті соққылар жасалуы мүмкін.

«Біз оларды өз орны болған тас дәуіріне қайтарамыз», — деді ол.

Президент АҚШ-тың әскери операциясын табысты әрі аяқталуға жақын деп бағалады. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде дипломатия емес, әскери шаралар басымдыққа ие.

Сондай-ақ, Трамп Иран енді Таяу Шығыс үшін айтарлықтай қауіп төндірмейтінін айтты. Ол АҚШ экономикасы жанармай бағасының қысқа мерзімді өсуіне дайын екенін де атап өтті.

Президенттің сөзінше, Иран өз әскери әлеуетін арттыруға тырысқан, бірақ АҚШ бұл мүмкіндіктерді шектеген.

Ормуз бұғазы мәселесіне тоқталған Трамп оның тағдыры соғыс аяқталғаннан кейін шешілетінін айтты. Ол мұнай импорттайтын мемлекеттерді осы дәліздің қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуге шақырды.

«Бұл дәлізді пайдаланатын мемлекеттер оны қорғауы тиіс», — деді ол.

Сонымен қатар Трамп АҚШ Таяу Шығыс мұнайына мұқтаж емес екенін мәлімдеді.

Хабарланғандай, 2 сәуірге қараған түні Ақ үйде өткен бұл үндеу 20 минутқа созылған. Оны Associated Press тікелей эфирде көрсеткен, алайда журналистер қатыспаған.