Құжат әлеуметтік желілерде, бейнеплатформаларда, онлайн ойындарда, жасанды интеллект чат-боттарында және басқа да цифрлық қызметтерде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейтуді көздейді.

Ұсынысқа орай, 13 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желілерде аккаунт аша алмайды. Ал 13 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін аккаунттар тек ата-анасы немесе қамқоршысы тарапынан ашылып, бақылануы мүмкін. Мұндай «мини-аккаунттардың» функциялары шектеулі болады, ал оларды пайдалану уақыты тәулігіне ең көбі бір сағат болып белгіленеді.

15 жастан бастап жасөспірімдерге өз бетінше аккаунт ашу мүмкіндігін беру ұсынылып отыр. Ал 15–18 жастағы пайдаланушылар үшін платформалар «қауіпсіз дизайн» қағидаты негізінде жұмыс істеуі керек болады.

Еуропа Комиссиясы президенті Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, жаңа тәсілде негізгі жауапкершілік платформалардың өзіне жүктеледі. Яғни қызметтердің балалар үшін қауіпсіз екенін платформалардың өздері дәлелдеуі талап етіледі.

Ұсыныста балаларды өзіне тартып, оларды шамадан тыс уақыт жұмсауға итермелейтін «тәуелділікке әкелетін» функцияларды шектеу, ұсыныс алгоритмдерін балалар үшін қауіпсіз ету, бөгде адамдардың балалармен байланысын шектеу және аккаунттарды стандарт жағдайында құпия сақтау сияқты талаптар да белгіленген.

Фон дер Ляйен сонымен қатар балалардың барған сайын экстремалды контентке тартылуын және қыздардың суреттерінен жасанды интеллект арқылы сексуалдандырылған жалған бейнелер жасалуын қабылдауға болмайтынын айтқан.

Жаңа тәртіпте пайдаланушылардың жасын тексеру механизмі де қарастырылған. Еуропа Комиссиясының мәліметіне сәйкес, платформалар пайдаланушының жасын сенімді әдіспен тексеруі керек болады.

Сонымен бірге, EU KIDS Act қазірге заңнамалық ұсыныс болып табылады. Оны қабылдау үшін одан әрі заңнамалық үдерістерден өту талап етіледі.