Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, қазір Ұлыбританияда 74, Испанияда 3 және Ирландияда 4 осындай жағдайлар бойынша тексерулер басталған.

АҚШ-та 9 келеңсіз жағдай бойынша тергеу жүргізілуде. Олардың барлығы Алабама штатында тіркеуге алынған. Науқастар — 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар. Бұл жұмбақ дерт олардың екеуіне бауыр трансплантациясы қажеттілігін тудырды.

Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері қазірде басқа штаттарда да осындай жағдайлардың болған-болмағаны туралы ақпарат жинауда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  белгісіз ауру туралы алғаш рет осы жылдың апрель айында хабар тапқан. Кейінірек Шотландияда 10  баланың бауыры зақымданып ауруханаға түскені белгілі болған. Науқастардың біреуі январьда, қалған тоғызы март айында ауруды жұқтырған. Олардың барлығына гепатит нақтамасы қойылған.

Балаларда сарғаю, диарея және іштің ауыруы сияқты жалпы белгілер болған. Содан бері Ұлыбританияда кем дегенде тағы 64 мұндай жағдай тіркелді. Шүкір, науқастардың ешқайсысы қайтыс болған жоқ. Бірақ қазір алтауы бауыр трансплантациясына мұқтаж.

Зертханалық зерттеулерде бұл ауруды тудыратын инфекция гепатит А, В, С және Е  вирустары емес екенін көрсетті. Мамандар бұл жағдай аденовирустар таралуының артуына байланысты болуы мүмкін деген пікірді айтуда.

Өйткені бұл вирустың кейбір түрлері  тек қызба, тамақ ауруы, жөтел ғана емес, сонымен қатар асқазан мен ішектертің қабынуы сияқты асқынуларды тудыратыны байқалды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесінде, аурудың белгілі бір вирустарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін көбірек зертханалық зерттеулер қажет екендігі айтылған. Алайда ұйым бұл белгісіз аурудың эпидемиологиялық қаупін әлі жариялаған жоқ, деп хабарлайды  Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.