Науаи халықаралық әуежайының негізгі көрсеткіштері 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда өскеніне қарамастан, әуе кемелеріне қызмет көрсету, жолаушылар мен жүк тасымалы бағыттарында оның ең жоғары қуаты толық пайдаланылмай отыр.

Сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын, техникалық паркін, жүк және жолаушылар терминалдарын модернизациялау, қызмет үдерістерін цифрландыру қажеттігі атап өтілді.

Таныстырылымда Науаи халықаралық әуежайын жобалық басқару қағидаттары негізінде дамыту ұсынылды.

Әуежайды «Uzbekistan Airports» АҚ-ның орталықтандырылған жедел басқару жүйесінен бөліп, оған жергілікті және шетелдік әуе компанияларымен жолаушы және жүк тасымалы, транзиттік және техникалық қонулар бойынша дербес келіссөздер жүргізу әрі шарттар жасау құқығын беру көзделіп отыр.

Әуежай кірістерін оның инфрақұрылымын жаңғыртуға, жанармай резервуарларын кеңейтуге, әуе кемелерін жөндеу және бояу қызметтерін енгізуге бағыттау арқылы авиациялық қызметтер экспортын ұлғайту міндеттері айқындалды.

Науаи халықаралық әуежайын дамытуға арналған бизнес-жоспар туралы ақпарат берілді. Оған сәйкес, коммерциялық және авиацияға қатысы жоқ қызмет көрсеткіштері 50 пайызға артады, 25-тен астам әуе компаниясының тұрақты рейстері жолға қойылып, қайта өңделетін жүк көлемі 20 мың тоннадан асады.

Әуежай аумағында әуе кемелеріне техникалық және коммерциялық қызмет көрсетуге маманданған «порто-франко» еркін кеден аймағын құру ұсынылды.

2029 жылдың 1 қаңтарына дейін әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін әкелінетін арнайы техника мен қосалқы бөлшектер кедендік төлемдерден босатылады. Сондай-ақ аумақтағы қонақ үй әуежайдың қарамағына берілетін болды.

Таныстырылымда азаматтық авиация кәсіпорындарын трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кәсіпорындардың қызмет тиімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шығындарды қысқарту, ресурстарды ұтымды пайдалану, сондай-ақ негізгі қызмет түріне тән емес қызметтерді аутсорсингке беру бойынша кешенді шаралар ұсынылды.

Энергия үнемдейтін технологияларды енгізу, электр қуатымен жүретін арнайы көлік құралдарын пайдалану арқылы пайдалану шығындарын азайту қажеттігі атап өтілді.

2026 жылдан бастап «Uzbekistan Airways» және «Uzbekistan Airports» акционерлік қоғамдары тарапынан бейінді емес қызметтерді қаржыландыру тоқтатылады. «Uzbekistan Airports» қызметі 18, ал «Uzbekistan Airways» қызметі 16 басым міндет негізінде жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы бәсекеге қабілеттілікті нығайту, қызметтер мен өнімнің өзіндік құнын есептеуде тиімді әдістемелерді енгізу, өндірістік үдерістердің барлық кезеңдерін цифрландыру, кадр даярлау және олардың біліктілігін арттыру басым міндеттер ретінде белгіленді.

Трансформация аясында ұйымдық құрылымдарды қайта қарау, штат бірліктерін оңтайландыру, халықаралық кредиттік рейтингтерді көтеру, IPO-ға шығу, сондай-ақ халықаралық корпоративтік облигацияларды орналастыру жөніндегі шаралар іске асырылады.

Жиында авиация саласы үшін кадр даярлау жүйесін түбегейлі жетілдіру мәселелері, соның ішінде Азаматтық авиация университетін және оның жанынан авиация техникумын құру жұмыстарының барысы қаралды.

Аталған білім беру мекемелері АҚШ-тың «Embry-Riddle», Францияның «ENAC» сияқты жетекші халықаралық авиациялық оқу орталықтарымен ынтымақтастықта ұйымдастырылады. Университетте бортсерік, авиациялық техника мамандары мен механиктер секілді қолданбалы кәсіптермен қатар, ұшқыштық, инженерлік, әуе қозғалысын басқару диспетчерлігі және басқару бағыттары бойынша кадр даярлау әрі ғылыми бағдарламалар іске асырылады.

Президент ұсыныстарды қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.