Республикада жалпы 184 582 шақырым автокөлік жолы бар. Оның 142 мың шақырымы ішкі жолдар.
Кейінгі төрт жылда ішкі жолдарды салу және жөндеуге 15 триллион сум бөлінді. Махалла мен шалғай елді мекендердің өзінде көшелері тегістеліп, халықтың игілігіне қызмет етуде. Бірақ оларды күтіп ұстайтын жауапты жүйе жоқ.
Өйткені Автокөлік жолдары комитеті республикалық және халықаралық маңызы бар жол және көпірлермен айналысады. Ішкі жолдар мен көпірлер жергілікті басқару органдарының балансында. Қазір 43 мың шақырым ішкі жол жөндеуге мұқтаж жағдайда, 2354 көпірдің «иесі» белгісіз.
Сондықтан аудан көлемінде осы мәселелерге жауапты жүйе құру жоспарлануда. Ұсыныс бойынша 208 аудандық және қалалық Абаттандыру бөлімдерінде ішкі жол жөндеу қызметтері ұйымдастырылады. Олар ең қажетті 4 түрлі арнайы техникамен қамтамасыз етіледі. Бұл үшін бюджеттен тиісті қаражат бөлу көзделген.
Сараптамаға сәйкес, жолдарды күтіп ұстауға бағытталған қаражат жөндеу құнын бірнеше есеге азайтады. Егер уақытында қаржы бөлініп, ішкі жолдар дұрыс пайдаланылса, оларды жөндеу мерзімі кемінде 2 есеге ұзарады.
Сондықтан шенеуніктерге ішкі жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізу тапсырылды. Тұрғындардың сұранысы негізінде ішкі жолдарды жөндеу және жаңа жолдарды салуды жалғастыру қажет екендігі айтылды.