Елімізде әлеуметтік мемлекет, әлеуметтік әділет қағидаттары басым бағыт болып белгіленген. Осы құндылықтарға сүйене отырып, барлық өңірлерде «Инсон» орталықтары ашылып, көмек пен қамқорлық жүйесі халыққа жақын етіліп отыр.

Аталған орталықта 12 санаттағы мұқтаж азаматтарға 100-ден астам әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл үшін мекемеде заманауи жағдай жасалған. Азаматтардың өтініштерін қабылдау, мұқтаждығын бағалау, қажетті қызмет түрін анықтау және көрсету процесі ыңғайлы әрі тиімді жолға қойылған.

Ең бастысы, бұл жерде міндет бір реттік көмекті көрсетумен шектелмейді. Қызмет алушының кейінгі жағдайы мен өмірге бейімделу барысы да үнемі бақылауда болады. Барлық үдерістер сандық жүйеге көшірілген және тиісті ұйымдармен байланыстырылған.

«Шайхантахур» ауданындағы орталықта 25 маман жұмыс істейді, ал махаллаларда 51 әлеуметтік қызметкер қызмет атқарады. Олар мүмкіндігі шектеулі балалар мен азаматтар, жалғызбасты қариялармен жеке-жеке жұмыс жүргізіп жатыр.

– Бұл жер – әрбір адамның мәселесін дертімен қабылдайтын, халықты разы ететін мекен. Осындай жүйе арқылы қоғамда әлеуметтік әділет пен адам қадірі нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.

Осы жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылған «Мүмкіндіктер әлемі» мекемесі де жұмыс істеп тұр. Президент аталған орталықтағы жағдаймен де танысты.

Мұнда 3 жасқа дейінгі балаларға ерте араласу, мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік бейімдеу және оңалту, сондай-ақ күндізгі күтім мен қамқорлық жасау қызметтері жолға қойылған. Қазіргі уақытта бұл мекеме шамамен 80-ге жуық адамның жағдайын жеңілдетіп отыр. Оларға 12 білікті қызметкер қамқорлық көрсетуде.