— Қаназдық көптеген дене мүшелері қызметіне теріс әсер етумен қауіпті. Алғашқы көрінетін белгілер терде пайда болады, ол бозарып кетеді. Тырнақтар мен шаштар сынғыш болып, жылтырлығын жоғалтады. Сонымен қатар тілдің қабынуы ауыз айналасындағы беткей жараларды да тудыруы мүмкін. Жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, жиі-жиі бас айналуы, ауыруы, құлақтағы шу байқалады. Қаназдықтың ауыр түрімен ауыратын 1 жасқа дейінгі нәрестелер дамудан әлдеқайда артта қалады.
Сонымен қатар, ұйқышылдық, жиі-жиі ашушаңдық, тұрақты шаршау, бор немесе кесектерді жеу де қаназдықтың өзіне тән белгілері болып табылады. Ауыр жағдайларда балаларда жүрек-қан тамырлары қызметі бұзылады, естен тану, тахикардия, тыныс алу қиындайды.
– Қаназдыққа қандай нақтама қойылады?
Ауруға нақтама қою кезінде, ең алдымен, педиатрдың тексеруінен өту керек. Сонымен қатар, баладағы қаназдықты диагностикалау үшін гастроэнтеролог, нефролог, аллерголог, гематолог және басқа да мамандардың тексеруі қажет.
Сондай-ақ дәрігер жалпы қан анализін талдау, ондағы эритроциттер мен гемоглобин деңгейін анықтау үшін зертханалық зерттеулер жүргізеді.
— Ауру қалай емделеді?
– Кішкентай балаларда, мектеп жасындағы ұл-қыздарда ең алдымен диета мен күнделікті режимді қайта қарау қажет. Атап айтқанда, науқас балаға таза ауада серуендеуді, қозғалмалы ойындарды ойнауды, яғни қалыпты дене жаттығуларын жасауды, бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оятуды талап етеді.
Бұдан басқа, қаназдық ауруымен ауыратын балалардың асмәзірінде темірге бай өнімдер – қызыл ет, бұршақ, ноқат, қара бидай ұнынан жасалған нан, какао, теңіз қырыққабаты, саңырауқұлақ, кептірілген жемістер, кептірілген өрік, көкөністер болуы керек. Дегенмен, С және B12 дәрумендеріне бай өнімдер (болғар бұрышы, брокколи, цитрус жемістері, балық, жасыл жапырақты көкөністер) аурудың алдын алуда өте маңызды. Себебі, бұл витаминдерсіз темір қанға сіңбейді.
Егер балада ауыр қаназдық болса, дәрігер қажетті дәрі-дәрмектерді тағайындайды.
Маманмен сұхбатты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жүргізді.