Мемлекет басшысы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы көп қырлы және өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіліп жатқанын атап өтті.

– Халықтарымыздың тарихы мен тағдыры тығыз байланысты, ет пен тырнақтай  біртұтаспыз, өзекті мәселелерді бірге шешіп жатырмыз, – деді Шавкат Мирзияев.

Президент осы күндері Өзбекстанның түкпір-түкпірінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар өтіп жатқанын қуанышпен атап өтті.

Мұндай іс-шаралар халықтардың бір-бірінің мақтаныш тарихына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне зор ықыласпен қарап, достық байланыстарды нығайтуға қызмет етеді.

– Бүгін біз екі тарихи құжатқа қол қоямыз. Бауырлас халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне жауап беретін және Өзбекстан-Қазақстан қарым-қатынастары тарихында жаңа кезеңді бастайтын Одақтастық келісімін ерекше атап өткім келеді.

Одақтастық – мемлекетаралық ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейі, өзара сенімнің белгісі. Осы арқылы біз ортақ болашағымызды бірге құруға ниетті екенімізді растаймыз.

Мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы келісім біздің қарым-қатынастарымыздың беріктігінің дәлелі болып табылады және аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мақсаттарына қызмет етеді. Біздің шекарамыз әрқашан достық пен тату көршіліктің аумағы болған және болып қала береді, – деді Шавкат Мирзияев.

Қазақстан Президенті екіжақты қарым-қатынастардың бүгінгі жоғары деңгейін қуанышпен атап өтті.

- Қазақстан мен Өзбекстан халықтарымыздың ортақ тарихы мен бауырластық байланыстарына негізделген берік және үйлесімді қарым-қатынастар орнатты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан басшысы бүгін қол қойылатын келісімдер жаңа белестер ашып, екі елдің одан әрі жақындасуға деген ортақ ұмтылыстарын толық көрсететінін айтты.

Шавкат Мирзияевке сарабдал саясатына және Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды қолдайтынын баса айта келе, бұл реформа Өзбекстанның дамуы үшін берік негіз болатынын тілге тиек етті.

Келіссөздер басырсында екіжақты ынтымақтастықтың өзегі экономика екені, екі елдің зор әлеуетін пайдалануға көбірек көңіл бөлу керектігі баса айтылды.

Атап айтқанда, соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі екі еседен астам өсті, ал биылғы жылдың соңына қарай ол 5 миллиард долларға жуықтайды. Алдағы жылдары жоғары сұранысқа ие өнімді өзара жеткізуді арттыру мақсатында Премьер-Министрдің орынбасарларының жетекшілігімен жұмыс тобын құру және бірлескен сыртқы сауда компаниясын құруға келісілді.

Кооперациялы жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Бүгін энергетика, автокөлік, химия, электротехника, құрылыс, логистика және басқа да салаларда ірі жобалардың іске қосылғаны қуанышпен атап өтілді.

– Қазіргі таңда жобасы әзірленіп жатқан Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығы жаңа жобаларды қалыптастырудың маңызды бағыты болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін барынша пайдалану қажет екені баса айтылды. Атап айтқанда, кешегі бизнес-форумда айтарлықтай жаңа инвестициялық келісімдер мен сауда келісімдеріне қол қойылды.

Тағы бір маңызды сала – энергетика. Мемлекет басшылары энергетикалық нысандарды жаңғырту және салу, геологиялық барлау және табиғи газды терең өңдеу бойынша жобаларды ілгерілетуге келісті.

Транзиттік әлеуетті пайдалану және оны арттыру ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтілді.

– Бүгінде біз жүк тасымалдаудың тұрақты ұлғаюына қол жеткіздік, екіжақты және транзиттік тасымалдау үшін қолайлы жағдай жасауға келістік.

Жүк тасымалының көлемін бірнеше есе арттыру үшін көлік инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған жобаларды жеделдету туралы келісімге келдік, – деді Шавкат Мирзияев.

Президенттер парламентаралық диалог пен мәдени-гуманитарлық алмасуларды нығайту және кеңейтудің маңыздылығын сөз етті.

– Жоғары деңгейдегі барлық келісімдердің орындалуын бақылау үшін Парламентаралық кеңестің мүмкіндіктерін пайдалану қажет, – деді Өзбекстан басшысы.

Шавкат Мирзияев Өзбекстанның ұлы ақыны және мемлекет қайраткері Әлішер Науаидың мүсінін Астананың қақ ортасына орнату туралы шешім қабылданғанына ризашылығын білдірді.

– Бұл ортақ тарихымыз бен мәдениетімізге деген зор құрметтің айқын дәлелі, бауырлас халықтарымыз арасындағы достықтың мәңгілік символы, – деді Шавкат Мирзияев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ортақ мәдени-тарихи мұраны зерделеу және насихаттау бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуді, осы мақсатта теледидар, радио және веб-сайттан тұратын бірлескен ақпараттық ресурс ұйымдастыруды, ұлы жазушыларымыз бен ақындарымыздың шығармаларын басып шығаруды ұсынды.

Келіссөздер соңында екі елдің үкіметтеріне барлық қол жеткізілген келісімдердің орындалуын қатаң бақылауға алып, тиісті «жол картасын» келісу тапсырылды.