Ауа райының қолайсыздығы мен температураның төмендеуі кезеңінде инфрақұрылым нысандарында проблемалардың туындауының алдын алу, жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды міндеттер бүгінгі таңда аса маңызды және бұл мәселелер Мемлекет басшысының тұрақты назарында.

Мемлекет басшысы осы бағыттардағы жұмыс барысы және құрылыс үдерістерімен танысуды Ташкент халықаралық әуежайына апаратын жол көпірінен бастады.

Бұл көпір Кіші айналма жол мен Бабыр көшесінің бойымен темір жол арқылы өтетіні белгілі. Мұнда көлік қозғалысының ыңғайлылығын арттыру мақсатында алдыңғы көпірге іргелес тағы бір жол өтпесі салынуда. Ол монолитті стильде құрастырылған және сапа талаптарына жауап береді.

Құрылыс біткенде көпірдің ені 46 метрге жетеді. Ол бір тәулікте 20 мың көлікті тасымалдау мүмкіндігіне ие. Бұрын бұл көрсеткіш 9-10 мыңның төңірегінде болған.

Көпірдің жанынан 2 айналма жол және 4 доға тәріздес шығу-түсу жолдары салынуда. Бұл басқа жолдардағы көлік қозғалысына қосылуды жеңілдетіп, кептелістің алдын алады. Көпірде жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары да кеңейтілді.

Мемлекет басшысы мұндағы құрылыс барысымен танысты. Жаяу және көлік қозғалысын жақсарту, айналадағы жолдарды жасылдандыру бойынша тапсырмалар берді.

Әуе порттары көлік инфрақұрылымында стратегиялық маңызға ие. Бұл салада «Uzbekistan Airports» акционерлік қоғамы құрылып, әуежайлар кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Кейінгі жылдары Ташкент халықаралық әуежайының 2- терминалы жаңартылып, өткізу қабілеті екі есеге артты. Осы жылдың басында тағы бір ұшу залы жөнделіп, қайта ашылды. Онда Duty Free дүкендері, «Арт-базар» сауда кешені, ұлттық зергерлік бұйымдар мен гастрономия дүкендері, дәріхана, ана мен бала бөлмесі, намазхана ашылды.

Жалпы, үш жылға созылған қайта құру жұмыстарының нәтижесінде Ташкент әуежайының ұшып шығу терминалының ауданы 56 мың шаршы метрден 80 мың шаршы метрге дейін кеңейді.

Қазіргі уақытта тағы бір халықаралық терминал қайта жөндеуден өтіп жатыр. Жоба бойынша ғимараттың сырты мен іші ұлттық нақышта безендіріліп, кіру-шығу дәліздері кеңейтілмек. Қонақтарды қарсы алу және оларға қызмет көрсету үшін қолайлы жағдай кеңейтіледі. Сондай-ақ, терминалға жақын аумақтар абаттандырылады.

Мемлекет басшысы құрылыс және абаттандыру жұмыстарын аралап көрді. Жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту және жеделдету жөнінде тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік салалардың күзгі-қысқы кезеңге дайындық жағдайы туралы жауапты тұлғалардың есебі тыңдалды. Осыған байланысты жұмысты жеделдетіп, сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.