Мемлекет басшысы биыл наурыз айында Самарқанд облысына сапары кезінде осы қасиетті орынның абаттандыру жобасымен алғаш рет танысқан болатын.
Нақшбандия тариқатының көрнекті өкілдерінің бірі саналатын бұл сопы ғұлама қазіргі «Косонсой» ауданында дүниеге келген. Жастық шағын Ферғана медресесінде білім алумен өткізіп, кейін Самарқандта Қожа Ахрар Валийдің шәкірті Маулана Мұхаммед Қазының тәлімінен өтіп, рухани жетілу жолында пір дәрежесіне жеткен. Өмір бойы ғылыми һәм рухани ізденістен танбаған ол тариқат іліміне қатысты 30-дан астам еңбек жазып, көптеген шәкірт тәрбиелеген.
Ғылым жолындағы терең еңбектері үшін «Махдуми Аъзам» атағы берілген. Ұзақ сапарлар мен ілім жолындағы күрделі кезеңдерден соң ғұлама Самарқанд өңіріне қоныстанып, осы жерде мәңгілік тыныс тапқан.
Самарқанд билеушісі Жалаңтөс Баһадүр ғұламаның қабірінің үстіне көрнекті кесене тұрғызып, жанынан үлкен мешіт пен шәкірттерге арналған медресе салдырған. Махдуми Аъзамның өсиеті бойынша ол дәл осы орынға жерленген. Бүгінде кешен аумағында 50-ден астам құлпытас сақталған, олардың көпшілігінің кімге тиесілі екені анықталған. Мұнда көптеген ғұламалармен қатар Ауғанстанның екі билеушісі (Шах Хидаят ибн Шах Қасим (1668 ж.) және Шах Саодат ибн Шах Хидаят) жерленген.
Қасиетті орын бүгінде кең көлемде жаңғыртылып, кешеннің рухани және тарихи маңызын қазіргі заман талаптарына сай ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Махдуми Аъзам зиярат кешені шамамен 5 гектар аумақты қамтиды. Мұнда келушілердің қарасы қалың болғандықтан, қолайлылықты арттыру мақсатында кесене маңында үш қабатты заманауи автотұрақ, кіреберіс қақпа, қасапхана, әкімшілік ғимараттар, дәретханалар, мың адамға арналған мешіт және басқа да кешенді нысандар салынуда.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң зиярат кешені бір мезетте 35 мың адамды қабылдай алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 5 мың адаммен шектелген еді.
Сонымен қатар, аумақты абаттандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Зияратшыларға қолайлы жағдай жасау үшін 40-тан астам сауда және қызмет көрсету нысандары ұйымдастырылмақ.
Ғұламаның рухына арнап Құран оқылды. Президент кешен аумағында ағаш отырғызды.
Зиярат орынын одан әрі абаттандыру, бақ ішіне ұзақ жылдар бойы өсетін ағаш түрлерін отырғызу және келушілер үшін барлық жағдайды жасау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.