Президент төрағалығымен білім беру саласындағы реформалардың орындалуы жөнінде жиын өтті

    Президент Шавкат Мирзиёев төрағалығымен 9 қыркүйек күні мектепке дейінгі білім және мектеп білімі саласындағы реформалардың орындалуы мен алдағы басым міндеттер талқыланған видеоселекторлы жиын өтті.

    Ел болашағы, экономиканың дамуы ең алдымен білімді ұрпаққа байланысты. Осы мақсатта елімізде балабақша мен мектептер салу, заманауи оқу бағдарламаларын енгізу, білім сапасын арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келеді.

    Мұғалімдердің айлығына 10-нан астам үстемақылар енгізілді. Қазіргі таңда өз білімін жетілдірген 60 мыңнан астам педагог 10–12 млн сум көлемінде еңбекақы алуда. Жаңа бағалау жүйесі бойынша оң нәтиже көрсеткен 300 мектептің бүкіл ұжымы 40 пайызға дейін үстемақы алып отыр. Осы айдан мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері және олардың орынбасарларының айлығы да 10 млн сумнан асты.

    Жыл басынан бері халықаралық пәндік олимпиадаларда оқушыларымыз 195 медаль жеңіп алды. Шетел тіл мамандары тартылған мыңнан астам мектепте сертификат иеленген оқушылардың саны бір жылда 2,5 есе өсті.

    Жиында саладағы реформаларды жалғастырып, білім берудің барлық бағыттарында үлкен өзгерістер жасау қажеттігі айтылды.

    Биыл мектепке дейінгі білім беру орындарындағы орын санын 182 мыңға көбейту жоспарланған. Оның 82 мыңы жаңа балабақшалар есебінен, қалған 100 мыңы ескі балабақшаларды жөндеу және жеке сектордың қатысуы арқылы ұйымдастырылады.

    Осы мақсатта мектепке дейінгі білім қамтылуы 80 пайыздан төмен аудандар мен қалаларда бос жерлер аукционға шығарылып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде үш жылдық бағдарлама аясында балабақшалар салынады. Мұндай мекемелерге субсидия беру, тәрбиешілердің жалақысын ішінара өтеу тәртібі енгізіледі.

    Жаңа ғимарат, жағдаймен қатар тәрбиешілердің әлеуеті де жоғары болуы шарт. Жаз айларында 118 мың тәрбиешінің біліктілігі арттырылды. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Мемлекеттік балабақшалардағы тәрбиешілердің 38 пайызы, жеке балабақшалардағы тәрбиешілердің 24 пайызы ғана жоғары білімді.

    Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап орта арнаулы білімі бар тәрбиешілер үшін «5 күн жұмыс істеп, 1 күн оқитын» бакалавриат оқу жүйесі енгізіледі. Бұл арқылы балабақшаларға жыл сайын шамамен 10 мың жоғары білімді маман қосылады.

    Келер жылы әр облыста балабақша тәрбиешілерінің педагогикалық шеберлігін арттыруға әдістемелік көмек көрсететін «Жаңа буын» балабақшалары ашылады.

    Жиында мектептегі білім беру жағдайына байланысты мәселелер де қаралды.

    Соңғы үш жылда қабілетті оқушылар үшін 201 мамандандырылған мектеп құрылды, бірақ оның 12-сінде құрылыс-жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған.

    Алыс аймақтардағы 74 мың оқушы мектепке 5–7 шақырымнан келіп оқып жатыр. Қашқадария мен Сұрхандариядағы 100 мектепке тегін автобус бөлінген. Бұл қажеттілік басқа облыстарда да қарастырылуда.

    Өткен жылдан бастап 1-сыныптарда информатика пәні енгізілді. Келесі оқу жылынан бастап жоғарғы сыныптарға жасанды интеллект бойынша сабақтар қосылады. Ол үшін 2 мың сынып компьютер және интерактивті тақталармен қамтамасыз етілері айтылды.

    Қабілетті жастарға жағдай жасау үшін аймақтарда ақпараттық технологияларға маманданған Әл-Хорезми, инженерлікке бағытталған М.Ұлықбек, жаратылыстану ғылымдары бойынша Ибн Сина мектептерінің филиалдары ашылады. Олар жергілікті техникалық жоғары оқу орындарына бекітіледі. Жақсы нәтиже көрсеткен түлектер сол ЖОО-лардың 2-курсына қабылданатын болады.

    Келер жылы мектеп оқушылары арасында ең беделді екі халықаралық олимпиада – химия және информатика бойынша жарыстар алғаш рет Өзбекстанда өтеді.

    Бұл бағыттағы міндеттер бойынша жауапты басшыларға нұсқаулар берілді.

    Жастар тәрбиесі мен олардың жұмыспен қамтылуына да ерекше назар аударылды.

    Енді жас ерекшеліктеріне қарай ұлттық тәрбие моделі жасалады. Осы арқылы балалар заманауи құзыреттілікке ие маман, ұлттық құндылықтарға берік азамат болып тәрбиеленеді.

    Балалар контентін дамыту орталығы, Қари Ниязий атындағы тәрбие педагогикасы ұлттық институты тарапынан апталық тақырыптарға сай қызықты видеороликтер әзірленеді. Олар «Ұлттық тәрбие» платформасында жүйелі түрде жарияланып тұрады.

    Жастардың қабілетін ашуда және оларды жан-жақты қалыптастыруда мектептен тыс білім беру мен спорттың маңызы зор. Осыған байланысты бұл жүйені жаңа деңгейге көтеру, оқушылардың бос уақытын мазмұнды өткізу үшін Президенттің қаулысы қабылданды.

    Оған сәйкес, жергілікті орындарда 219 «Баркамол авлод» мектебі, «Ёшлик» спорт қоғамы, Оқушы жастар орталығы және Өзбекстан балалар ұйымы негізінде республика, облыс және аудандарда «Келажак» орталықтары құрылады. Бұл орталықтар мектептермен тығыз байланыс орнатып, оқушыларды инженерия, ғылым, мәдениет, өнер, кітап оқу, спорт және экология бағытындағы үйірмелерге жұмылдырады.

    Бұл үшін әрбір орта мектепте кеңесші лауазымы енгізіледі. Олар оқушылардың қабілеті мен қызығушылығына қарай тіл, кәсіп, инженерия, шығармашылық, өнер және спорт үйірмелерін ұйымдастырады. Осы үйірмелер мен олимпиадалардағы жетістіктері бойынша жастардың «цифрлық портфолиосы» жасалып, электронды куәлікте көрсетіледі.

    Мемлекет басшысы жастардың кәсіби маман болып, тұрақты табыс табуы үшін жағдай жасау ең өзекті мәселе екенін атап өтті.

    Қазіргі таңда республикада 450 мың оқушыны қабылдай алатын 598 техникум бар. Алайда жастардың оларға қызығушылығы және кәсіби жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары емес. Сондықтан Президент және мамандандырылған мектептер тәжірибесі негізінде барлық техникумдарға халықаралық стандарт бойынша заманауи кәсіби білім беру ортасын енгізу қажеттігі айтылды.

    Бұл жұмыстарды бірыңғай саясат негізінде жүргізу үшін Кәсіптік білім агенттігі құрылады. Енді инвесторлардың тапсырысына сәйкес техникумдарда мамандар мақсатты түрде дайындалады. Техникуммен дуалды білім жүйесін енгізген кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беріледі.

    Сонымен бірге дамыған мемлекеттердің тәжірибесі негізінде кәсіби оқытатын шеберханалар ашу, шет тілдерін оқытуды кеңейту мәселелері де сөз болды.

    Жиында жауапты басшылар мен педагогтармен сұхбат өтті.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates