Марбург вирусы: ДДСҰ тағы бір эпидемиологиялық қауіп туралы хабарлады

    Денсаулық 19 Iyul 2022 6065

    Батыс Африканың Гана мемлекетінде Марбург вирусымен ауырған екі науқас анықталды. Күшті геморрагиялық температураға және өлімге себеп болатын бұл аурудың салдарынан 26 мен 51 жастағы азаматтардың екеуі де көз жұмған.

    Мамандардың айтуынша, Марбург вирусы Эбола сияқты өте жұқпалы болып, осы күнге дейін анықталған емдеу шаралары жоқ. Тіпті осы ауруға қарсы вакциналар да жаратылмаған.

    Соған қарамай, кейбір сарапшылар Эбола дәрілері Марбургты емдеуде нәтиже беретініне сенеді.

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауру белгілері бірден басталады да науқастың дене қызуы көтеріліп, қатты бас ауруынан азаптанады.

    Бұлшықеттерде ауру күшейіп, тез-тез қалтырай бастайды. Ал ганалық екі науқаста диарея, көңіл айнуы мен құсу белгілері анықталған.

    Аурудың бесінші күні кеудеде, жауырында және қарында бөртпелер пайда болады. Ал ең ауыр жағдайда 8-9 күнде өлімге әкеп соғады.

    Қазір Гана үкіметі вирустың алдын алу үшін барлық шараларды қарастырып жатыр. Науқастармен байланыс жасаған 100-ге жуық кісі қатаң карантинге алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір топ мамандарын осы елге жұмылдыруда.

    «Бұл үдерісте жедел шара қарастырудың маңызы зор, — дейді ДДСҰ-дың Африка аймақтық бюросының басшысы Матшидисо Моэти. — Қатаң шаралар қарастырылмаса, Марбург бақылаудан оңай шығып кетеді. Біз осған қол жеткізіп жатырмыз».

    Талдаулардың көрсетуінше, Марбург вирусы адамдар арасында дене сұйықтықтары (қан, түкірік, несеп) арқылы тікелей байланыста болу, сондай-ақ түрлі заттар арқылы тез таралуы мүмкін, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат қызметі.