Шараға Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимов, Жануарлардың қоныс аударатын түрлері туралы конвенциясының (CMS) атқарушы хатшысы Эми Френкел, БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының ((UNEP) атқарушы директоры Ингер Андерсен, Сулы-батпақты жерлер бойынша Рамсар конвенциясының Бас хатшысы доктор Мусонда Мумба, Орталық Азия елдерінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік секторының басшылары, халықаралық ұйымдар мен беймемлекеттік бейкоммерциялық ұйымдардың, ғылыми орталар мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Алдағы бес күнде біз миграция түрлеріне қатысты бірқатар мәселелерді, соның ішінде климат өзгеруінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларды талқылаймыз. Біздің мақсатымыз – экожүйелер мен сау ғаламшарды сақтауда маңызды рөл атқаратын жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтаудың шешімін тауып, тиімді жоспарларды әзірлеу», - деді А.Абдухакимов.
«Орталық Азиядағы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау бойынша трансшекаралық және аймақтық ынтымақтастық» сессиясы аясында Орталық Азия елдерінің министрлері арасында жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау бойынша трансшекаралық және аймақтық ынтымақтастық бойынша халықаралық ұйымдардың басшылары Орталық Азиядағы көпжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастық мәселелері бойынша диалог өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік сектор жетекшілері жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау саласындағы халықаралық және трансшекаралық ынтымақтастық бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу барысында Орталық Азия елдерінің министрлері мен халықаралық ұйымдардың басшылары арасында миграция түрлері және трансшекаралық дәліздерді қорғау бойынша бірлескен іс-әрекеттерге бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды Экология, қоршаған ортаны қорғау және климат өзгеруі министрлігінің баспасөз қызметі.