Құстарды бақылау ми қызметін сақтауға және жасқа байланысты өзгерістерді баяулатуға ықпал етуі мүмкін. Канадалық ғалымдар осындай қорытындыға келді: олар тәжірибелі әуесқой құс бақылаушылардың миының кейбір жерлерінің құрылымы осындай хоббиі болмаған адамдардан өзгеше екенін анықтады. Зерттеу The Journal of Neuroscience (JN) журналында жарияланды.

Зерттеу барысында ғалымдар 29 тәжірибелі құс бақылаушы мен осы хоббиге енді ғана қызыға бастаған 29 адамды салыстырды. Қатысушылар МРТ-сканерлеуден өтті және оларға әртүрлі құстардың суреттерін тану тапсырмасы берілді. Талдау нәтижелері көрсеткендей, назар мен визуалды қабылдауға жауапты болған ми бөліктеріндегі тін тәжірибесі көп адамдарда мықты әрі тығызырақ болды.

Бұл бөліктер, әсіресе қатысушыларға таныс емес құстардың суреттері көрсетілген кезде, белсендірек жұмыс істейді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай өзгерістер нейропластикалық— мидың оқу мен жаңа дағдыларға жауап ретінде қайта құрылу қабілетімен байланысты болуы мүмкін. Бұл қабілет жасқа байланысты когнитивті төмендеуді баяулататын факторлардың бірі болып саналады.

Зерттеушілер сондай-ақ тәжірибелі бақылаушыларда жасқа байланысты ми өзгерістері баяуырақ жүруі мүмкін екенін көрсететін жанама дәлелдерді байқады. Алайда ғалымдар бұл зерттеу тікелей себеп-салдар байланысын дәлелдемейтінін атап өтті: белгілі бір ми ерекшеліктері бар адамдар мұндай әрекеттерді таңдауы мүмкін.

Соған қарамастан, нәтижелер басқа зерттеулермен сәйкес келеді: тіл үйрену, музыкалық аспаптарда ойнау немесе бейнелеу өнері сияқты күрделі интеллектуалдық хоббилер жасқа байланысты когнитивті функцияларды қолдауға көмектесуі мүмкін, деп хабарлайды lenta.ru.