Наманган республикада тоқыма саласы бойынша жетекші аймақ саналады. Облыс өнеркәсібінің үштен бірі, экспорттың жартысы осы салаға тиесілі. Бүгінде шамамен 2,5 мың тоқыма кәсіпорны жұмыс істеп, 250-ге жуық бренд аясында өнім дайындап, жүз мыңнан астам адамды жоғары табыспен қамтамасыз етіп отыр.
Саланы дамыту мақсатында «Наманган» еркін экономикалық аймағы «Тураққорған» ауданына кеңейтілген еді. Сол жерде жиырмаға жуық жоба қатарында «Ифтихар киім өндіріс» кластерінің жаңа кәсіпорны да құрылды.
13 тамызда өткен бейнеселектор жиналысында Мемлекет басшысы тоқыма кәсіпорындарының ірі брендтермен әріптестігіне ерекше мән берген еді. «Ифтихар киім өндіріс» кластерінде дәл осындай жүйе жолға қойылған. Мұнда «Bugatti», «Pierre Cardin», «Roy Robson», «Baldessarini», «Lavard», «Jake’S», «Engbers», «Cinque», «Walbusch» сияқты әйгілі брендтердің тапсырыстары бойынша өнімдер тігіліп, Наманганда дайындалған киімдер Еуропа дүкендерінде сатылуда.
Сонымен қатар «Mercedes-Benz», «BMW», «Rolls-Royce» секілді автомобильдерге арналған орындық маталары да шығарылады. Бұл бағытта аталған кәсіпорын өңірімізде жалғыз саналады. Жалпы, кәсіпорын жиырмаға жуық шетелдік брендпен әріптестік орнатқан.
Жаңа жобаның жалпы құны 198 миллион долларды құрап, қаражат негізінен құрылыс жұмыстарына және озық технологияларды тартуға жұмсалды. Германия, Италия, Түркия және Польша сияқты тоқыма саласында жетекші елдерден жеткізілген энергия үнемдегіш құралдар еңбек өнімділігін арттыруға сеп болды. Зауыттағы заманауи зертхана сапаны бақылауды қамтамасыз етіп, беделді брендтердің сенімін нығайтуда маңызды рөл атқаруда.
Алғашында қарапайым тігін цехы ретінде жұмысын бастаған «Ифтихар киім өндіріс» бүгінде мақта өсіруден бастап дайын өнімді экспортқа жіберетін ірі кластерге айналды. Қатаң сапа талаптары оны халықаралық нарыққа шығарды.
Президент кәсіпорындағы өндіріс процесімен танысып, жұмысшылармен әңгімелесті.
Кәсіпорын толық қуатқа шыққанда жылына 100 миллион долларлық өнім өндірмек. Бұл арқылы 2 мың жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекеттік бюджетке қомақты салық түсімдері қосылады. Халықаралық брендтермен әріптестік өнімге сенімді нарық, мол валюталық түсімдер және жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
Бұл жерге Наманганда өтіп жатқан «Кедейліктен – өркендеуге» халықаралық форумының шетелдік қонақтары да келді. Ұлттық және шетелдік брендтерге арналып тігілген дайын киімдер, сондай-ақ азық-түлік, былғары, құрылыс материалдары, фармацевтика саласындағы өнімдердің көрмесі ұсынылды.
Өзбекстанда бизнеске жасалған жағдайлар, ұлттық өнімдердің түрі мен сапасы қонақтарда үлкен әсер қалдырды.
Осы жерде Мемлекет басшысына Наманган облысындағы шетелдік инвестициялар қатысқан жобалар туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, қала құрылысы, тоқыма, құрылыс материалдары, электротехника, туризм, ауыл шаруашылығы және химия өнеркәсібі бағыттарында 252 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жауапты мамандарға инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін барлық жағдайды жасап, жобаларды жеделдету, көбірек жұмыс орындарын ашып, халық табысын арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Осылайша Президент Шавкат Мирзиёевтің Наманган облысына сапары аяқталды.