баннер
23 Mar 2025
12:23

    Мемлекет басшысы өзбекстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

    Ташкент қаласындағы «Жаңа Өзбекстан» саябағында 21 наурыз күні Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев жиналған жұртшылыққа арнап құттықтау сөз сөйлеп, халықты Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтады.

    – Биылғы Наурыз қасиетті Рамазан айына сәйкес келіп, оның нұрлы шапағатымен үйлесім тауып өтіп жатқаны бұл мерекеге ерекше рух, бөлекше береке мен қуаныш сыйлауда. Осындай берекелі күндері еліміздің мұсылман қауымын және бүкіл ислам үмбетін шын жүректен құттықтап, барша ізгі ниеттеріміздің қабыл болуын тілейміз, – деді Президент.

    Мемлекет басшысы шет елдерде өмір сүріп жатқан, жүрегі туған ел деп соғатын өзбекстандықтарды да құттықтап, оларға ақжарма тілегін жеткізді.

    Наурыз – 3 мың жылдық мемлекетшілдік тарихымызда рухани тереңдігімен, адамзаттық құндылықтарымен ерекше орын алған ұлы мейрам екені атап өтілді. Бұл күннің қайталанбас көркемдігі, адамсүйгіштік рухы мен терең философиясы жаһандану заманында да бүкіл адамзатты таңдандырып келеді. Бұл – Наурыздың мәңгілік мәні мен өміршең қуатының айғағы.

    Наурызда көрініс тапқан жасампаздық рухы бүгінгі Жаңа Өзбекстанда жүзеге асып жатқан кең ауқымды реформалар мен қарқынды өзгерістердің мазмұны мен ізгі мұраттарымен үйлесіп жатыр. Елде адам қадірін ардақтау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту, халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру бағытында табанды қадамдар жасалып отыр.

    Мемлекет көлемінде жаңа заманауи өндірістік кешендер, инфрақұрылым мен логистика нысандары, тұрғын үйлер, балабақшалар мен мектептер, жоғары оқу орындары, ауруханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп, қалалар мен ауылдар күн санап көркейіп келеді.

    «Жасыл кеңістік» жалпыұлттық жобасы аясында республикада экологиялық жаңа орта қалыптасып жатыр. «Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономика жылы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бұл үрдіс бұрынғыдан да ауқымды сипат алуда.

    Президент сөзінде жастар саясатына да ерекше тоқталып, олардың Жаңа Өзбекстанның жаңашыл және қуатты күші болып қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Ақылды, білімді, білікті, іскер және жан-жақты ізденімпаз ұл-қыздарды мақтанышпен атап, олардың ел дамуына қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.

    – Қымбатты балаларым, сендердің ел аспанында жарық жұлдыздардай жарқырайтын уақыт келді. Еліміздегі теңдессіз мүмкіндіктерді нақты нәтижелерге айналдыру үшін аянбай еңбек етіңдер! Ешқашан ұмытпаңыздар, артыңызда 38 миллионға жуық ұлы халық пен Президент сенім артып тұр, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Наурыздың сәні мен салтанаты, әсіресе, еліміздегі түрлі аймақтарда өтіп жатқан халықтық серуендер мен мерекелік жиындарда айқын сезіледі. Ұлтымыздың ғасырлардан жеткен салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарының ордасы саналатын махалла жүйесінің қоғамдық өміріміздегі рөлі күн санап артып келеді. Жастар тәрбиесі, қоғамдағы тыныштық пен тәртіпті сақтау, кедейлікті азайту, кәсіпкерлікке баулу, әлеуметтік қолдау көрсету, әйелдердің белсенділігін арттыру, экология мен көркейту жұмыстары сынды маңызды мәселелер бүгінде тікелей осы махаллаларда шешімін табуда.

    Осыған орай, ел Президенті 22 наурыз – Махалла жүйесі қызметкерлері күнімен барша махалла белсенділерін шын жүректен құттықтады.

    Наурыз – өзара құрмет пен кеңпейілділіктің белгісі ретінде еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың асыға күтетін, жалпыұлттық ұлы мейрамына айналған. Осы ретте Мемлекет басшысы бүкіл халыққа арнаған үндеуінде:

    «Біздің күшіміз – бірлік пен ынтымақта, қуатымыз – Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықта, жеңісіміз – өзімізге деген биік сенімімізде!» – деп атап өтті.

    Наурыздың жаһандық рухани мәні арқасында бұл мейрам Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан халықаралық мереке ретінде мойындалған. Шығыс елдеріндегі көптеген ұлттар мен ұлыстарды, соның ішінде Орталық Азия халықтарын одан әрі жақындастырып отырған бұл мереке бүгінде өңірлік ынтымақтастыққа да серпін беруде. Осы айдың соңында ежелгі Хожент қаласында Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Президенттерінің үшжақты кездесуі де осы өзара татуластық жолындағы маңызды қадам болады.

    Мемлекет басшысы Наурыз тойына қатысып жатқан елшілер мен халықаралық ұйым өкілдерін халықаралық Наурыз күнімен құттықтап, олардың халқына достық сәлемін жолдады.

    Мерекелік шара кең көлемдегі концерттік бағдарламаға ұласты. Онда өзбекстандық өнер жұлдыздарымен қатар, Түркия, Түркіменстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді бауырлас елдерден келген танымал әншілер мен өнер ұжымдары да өнер көрсетті.

    «Жаңа Өзбекстан» саябағы толықтай мерекелік көңіл-күйге бөленді. Алаңдар алуан түсті гүлдермен, ұлттық тулармен көмкерілді. Ұлттық мәдениет орталықтарының көрмелерінен ел ішіндегі бейбіт тіршілік пен бай мәдени әртүрлілік айқын көрініс тапты.

    Президент бұл көрмелерді және фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің өнерін тамашалап, оларға жоғары бағасын берді.

    Қазіргі таңда Наурыз серуендері елдің түкпір-түкпірінде жалғасып жатыр. Диқандар халықтың ризық-несібесі үшін жерге берекенің дәнін сеуіп, махаллаларда көркейту, ізгілік және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда.

    No date selected
    March 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates
    Мы в Телеграм
    Text to speech