Мемлекет басшылары Бұхара қаласындағы бәсекеге қабілетті дайын өнім шығарудың толық өндірістік тізбегін жолға қойған «Нигора» компаниясының өндірістік қуатымен танысты.

Атаулы жобаның жалпы құны 35 миллион долларды құрайды және ол 2024 жылдың тамыз айында сәтті іске қосылған. Қазіргі таңда мұнда 840 адам еңбек етуде, олардың басым бөлігі – әйелдер.

Жапония, Италия, Бельгия және Германиядан жеткізілген жоғары технологиялық жабдықтар кәсіпорынға халықаралық нарықта сенімді бәсекелес болуға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде жыл сайын 20 миллион погон метр дайын мата мен 1 миллион дана тоқыма өнімі өндіріледі.

Президенттерге дайын киім-кешек пен мата үлгілері таныстырылды. «Shoyigul» брендімен шығарылатын өнімдер негізінен Еуропа елдеріне, атап айтқанда Италия, Австрия, Ұлыбритания және Германияға экспортталып жатыр.

Мемлекет басшылары компанияның жылдық экспорт көлемін 10 миллион долларға жеткізу, өндірісті кеңейту және алдағы уақытта синтетикалық талшықтар мен аралас маталардан дайын өнім шығаруды жолға қою жөніндегі жоспарларын жоғары бағалады.