Бәсекелестік комитеті Министрлер Кабинетінің «Сыртқы жазуларды реттеу туралы ережені бекіту туралы» қаулысының жобасын (ID-9160) дайындады.
Құжатта іс жүзінде түрлі келіспеушіліктерге себеп болып жүрген бірқатар ұғымдарға нақтылау көзделген. Атап айтқанда, «сыртқы ақпарат құралы», «сыртқы жазу», «ақпараттық көрсеткіш», «маңдайша», «жарнама» және «ақпараттық тақта» сияқты атауларға анықтама берілуде.
Жобаға сәйкес, сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету нысандарында кәсіпорынның атауы мен қызмет түрін көрсететін маңдайшалар сыртқы жарнама нысаны болып саналмайды.
Мысалы, дәріхана, шаштараз, супермаркет, аурухана немесе құрылыс материалдары дүкені екенін білдіретін жазулар осындай маңдайшалар қатарына жатады.
Кәсіпкерлік субъектісі орналасқан ғимараттың кіреберіс бөлігінде оның атауы мен қызмет түрін көрсететін жазулар, сондай-ақ сол кәсіпкердің өнімдері туралы ғимарат витринасында орналастырылған ақпарат жарнама болып есептелмейді. Мұндай жағдайларда жарнама орнын паспортымен рәсімдеу, тиісті рұқсат құжаттарын алу және ол үшін төлем жасау талап етілмейді.
Жобада сыртқы ортаға бағытталған, коммерциялық мақсатты көздемейтін ақпарат құралдары мен сыртқы жазуларды жарнамалық мазмұндағы ақпараттан ажырату да қарастырылған. Мұндай құралдарды жарнамалық немесе коммерциялық сипаттағы ақпарат пен бейнелерді орналастыру арқылы пайдалануға жол берілмейді.
Анықтама үшін: жарнама — белгілі бір нысанға назар аударту, оған деген қызығушылықты қалыптастыру немесе қолдау, сондай-ақ базарда тікелей немесе жанама пайда алу мақсатында оны ілгерілетуге арналған ақпарат.
Комитеттің мәліметінше, жеке меншікке жататын ғимараттарда сыртқы жарнама конструкцияларын орналастыру құқығын беретін жарнама орнының паспортын жергілікті әкімдіктер, ал Ташкент қаласында қала әкімдігі жанындағы Цифрлық даму департаменті рәсімдейді.
Ал Бәсекелестік комитеті жарнама мазмұнының заңнама талаптарына сәйкестігіне мемлекеттік бақылау жүргізеді.
Комитет заңды тұлғаларды, кәсіпкерлік субъектілерін, компанияларды, ұйымдарды, азаматтық қоғам институттарын және қалың жұртшылықты қаулы жобасын талқылауға белсенді қатысуға шақырды. Түскен ұсыныстар жобаны жетілдіру барысында ескерілетіні хабарланды.
Жобаны талқылау ағымдағы жылдың 25 сәуірінде басталған және 10 мамырға дейін жалғасады деп белгіленген.